
Бұрын-соңды болмаған жиын: Састөбе цемент зауытының жұмысшылары кәсіпорындағы жарылысқа қатысты тергеу нәтижелерімен танысты
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі 2023 жылдың қарашасында жарылыс болған Састөбе цемент зауытының жұмысшыларымен кездесу өткізді.
Омбудсмен өкілінің бастамасымен зауыт қызметкерлері оқиғаға қатысты жүргізілген тексеру нәтижелерімен танысып, өздерінің құқықтарына қатысты деректерді білді. Жиынға қатысушылар еңбекшілермен мұндай кездесулер бұрын-соңды болмағанын айтып, осындай шараларға облыстағы мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсету керектігін атап өтті.
Жиынға сонымен қатар прокуратура, әкімдік, полиция департаменті, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті, Төтенше жағдайлар және бақылау басқармасының өкілдері қатысты.
Алдағы уақытта осындай дағдарыстық жағдайлардың алдын алу мақсатында Уәкіл өкілі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің департаменті мен Түркістан облысы бойынша бақылау басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен ірі және орта өнеркәсіптік кәсіпорындарда бірлескен кеңестер өткізуді жоспарлап отыр.