Омбудсмен атынан АҚҰО және Winrock International өкілдері адам саудасына қарсы күрестегі ынтымақтастықты талқылады

Омбудсмен атынан АҚҰО және Winrock International өкілдері адам саудасына қарсы күрестегі ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасымен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта Winrock International ұйымының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің тақырыбы «Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон» жобасына арналды.

Жобаның мақсаты – қауіпсіз көші-қонды ынталандыру, адам саудасының алдын алу, адам саудасының құрбандарын қорғау және қанаудың барлық түрлеріне адамдардың қарсылығын күшейту. Осындай бастама Қазақстаннан бөлек, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінде жүзеге асырылуда.

«Орталық Азиядағы қауіпсіз көші-қон» жобасының жетекшісі Элеонора Джудит Валентиннің айтуынша, жоба аймақ үкіметтерімен, азаматтық қоғаммен, халықаралық ұйымдармен, бизнес секторымен және сарапшылар қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Тараптар адам саудасымен байланысты қылмыстардың алдын алу, жолын кесу және оған қарсы күрес бойынша арнайы іс-шараларды ұйымдастыру бойынша ықтимал ынтымақтастықты талқылады. Сонымен қатар, Винрок Интернейшнлдің «Қазақстанның бала саудасымен күрестегі іс-әрекеті» атты жаңа үш жылдық жобасы бойынша одан әрі бірлесіп жұмыс істеу мәселесі көтерілді, бұл сауда құрбаны болған балаларды анықтауды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігіндегі еңбек мигранттарының осал отбасыларынан шыққан балаларға сәйкестендіру жүйесін жетілдіруді және жеке кешенді көмек көрсетуді көздейді.

Жиын барысында Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық адам саудасының алдын алу мен еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау бағытында еңбек етіп жатқаны айтылды. Мәселен, жақында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасымен Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің отырысында еңбек мигранттарын құқықтық қорғауды күшейту және Қазақстандағы адам саудасының құрбандары туралы баяндама тыңдалды.

«Баяндамада мигранттардың құқықтарының бұзылуына ықпал ететін және адам саудасымен байланысты қылмыстарды жасаудың алғышарттары болып табылатын бірқатар жүйелі проблемалар қамтылған, сонымен қатар осы мәселені реттеу шаралары көрсетілген. Олардың қатарында өңірлік және жаһандық деңгейде трансшекаралық ынтымақтастық пен үйлестіру, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестік, сондай-ақ халықтың цифрлық сауаттылығы деңгейін арттыру шаралары да бар», - деді АҚҰО өкілі.

Басқосуда Winrock International жобаларын жүзеге асыруда ұлттық орталық қажетті көмек көрсетуге дайын екендігі айтылды.