
Мақсұт Нәрікбаев университетінің ғимаратында студенттермен адам құқықтарының сақталуы және Омбудсмен институты туралы кездесу өтті. «Омбудсмен және адам құқықтары» тақырыбында ашық диалог алаңы форматындағы жиынды Қазақстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының (АҚҰО) өкілдері студенттерге арнап ұйымдастырды.
Ұлттық орталық қызметкерлері еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірінің студенттеріне Қазақстандағы Омбудсмен институтының құрылу тарихы мен қызметі туралы баяндады. Атап айтқанда, 2022 жылы «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң қабылданғанын Уәкілдің қандай өкілеттіктері бар екенін және оның алдында қандай міндеттер тұрғанын тыңдаушыларға түсіндірді.
«Бүгінде адам құқықтары жөніндегі ұлттық институт мемлекеттің құқықтық жүйесіне үйлесімді еніп, медиаторлық функцияларды жүзеге асыратын орган ретінде айқындалды. Уәкіл жыл сайын Президенттің қарауына өз қызметі туралы есеп береді, осы саладағы жағдай туралы хабардар етеді. Бұл бір жағынан елдегі адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылау құралдарының бірі болса, екінші жағынан, адам құқықтары мен бостандықтарының сақталуын бақылаудың көзі болып табылады, - деді ұлттық орталық өкілі.
Уәкіл жұмыс істеген жылдары балалардың, мүгедектердің, қарттардың, босқындардың, тергеу изоляторында және бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша арнайы баяндамалар дайындады.
2023 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері жөнінде арнайы баяндама әзірленіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстерін оңтайландыру және басқа да бірқатар заңдарға өзгерістер мен толықтырулар ұсынылып, Мәжіліске жіберілді.
Уәкіл мемлекеттік органдармен, ұлттық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара іс-қимылды күшейтуге үлкен мән береді. Оның мемлекеттік органдармен ынтымақтастығы олардың ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мемлекеттік қызметтерді көрсету бағытындағы функциясын жетілдіруге бағытталған, бұл адам құқықтары бұзылуының алдын алуға үлкен ықпал етеді.
Студенттермен кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша істері талқыланды.
Қоғамды құқықтық тәрбиелеуге арналған мұндай іс-шаралар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмасы бойынша тұрақты негізде өткізіліп тұратынын айта кеткен жөн.
Студенттер мен оқытушылар жоғары деңгейде белсенділік танытып, сұрақтарын қойып, осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұру керектігін атап өтті.