АҚҰО басшысы Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан Республикасы мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген серіктестік жобасының жетекшісі Джордж Мирогианниспен кездесті

АҚҰО басшысы Салтанат Тұрсынбекова Қазақстан Республикасы мен Еуроодақ арасындағы кеңейтілген серіктестік жобасының жетекшісі Джордж Мирогианниспен кездесті

8 ақпанда Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы Салтанат Тұрсынбекова, «Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім» жобасының жетекшісі Джордж Мирогианнис және осы жобаның ұлттық үйлестірушісі Алтынай Уәлиева кездесті. 

Кездесу барысында Салтанат Тұрсынбекова Қазақстандағы Омбудсмен Институтының дамуы туралы айтты. Мәселен, жуырда «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілі туралы» ҚР Конституциялық заң қабылданып, өңірлерде өкілдіктер ашылды. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері Уәкіл атына келіп түскен шағымдар саны үш еседен астамға өсті, 2023 жылы 5,8 мың шағым түсті. Орталық басшысының айтуынша, бұл халықтың ұлттық құқық қорғау институтына деген сенімінің артқанын көрсетеді.

«Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі айтарлықтай нығайды, мұны жыл сайынғы өтініштерді талдау, сондай-ақ өкілдіктердің қызметіне жүргізілетін мониторинг нәтижелері растайды. Біздің институт кемсітушілікті, оның ішінде тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылықты жоюға бағытталған заңнамалық түзетулермен табысты жұмыс істеп жатыр», - деді Салтанат Тұрсынбекова.

Өз кезегінде Джордж Мирогианнис Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастық барлық дерлік салаға, соның ішінде адам құқықтарын қорғауға да әсер ететінін атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім – соңғы 8 жылдағы ұлттық деңгейде жүзеге асырылған және ЕО қаржыландырған бірінші жоба.

Қазіргі уақытта адам құқығы мен заң үстемдігі сияқты үш бағыт бойынша техникалық шарттарды дайындау жоспарлануда.

Сондай-ақ тараптар мазмұнды және ашық диалог үшін ризашылықтарын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту үшін шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Еске салайық, Еуропалық Одақ, оған мүше мемлекеттер мен Қазақстан Республикасы арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 25 наурыздағы Заңымен ратификацияланып, 2020 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енді.