Парламент заң жобасын талқылауда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы»

Парламент заң жобасын талқылауда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы»

Қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінде депутаттар тобы бастамашылығымен әзірленген "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заң жобасы талқылануда. Заң жобасын әзірлеуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

2009 жылдан бастап Қазақстанда "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" Заңы қолданысқа енгізілген. Алайда, БАҚ-та және әлеуметтік желілерде резонанс алған зардап шеккен әйелдердің өліміне және ауыр дене жарақатына әкеп соққан отбасылардағы зорлық-зомбылық жағдайлары ішкі істер органдарының отбасылық саясат, әлеуметтік қорғау, білім саласында қызмет атқаратын жергілікті және орталық мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін көрсетіп отыр.

Зорлық-зомбылық әйелдерді қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігінен айырады және отбасының басқа да мүшелеріне, әсіресе балаларға, жалпы алғанда қоғамның дамуына ұзақ мерзімді теріс әсер етеді. Балаларды, қарт адамдарды қорғауға, ана мен әке болуды қорғауға, өз отбасына өзара құрмет пен ұқыпты қарауға, ата-ана жауапкершілігіне қатысты отбасылық құндылықтардың құндылығын төмендетеді. Үйде зорлық-зомбылықтың құрбандары  әйелдер мен балалармен қатар отбасының басқа мүшелерінің асырауындағы қарт адамдар мен мүгедектер болуы мүмкін.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, карантин енгізілгенен бері, яғни 2020 жылғы 16 наурыздан бастап отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылық фактілері бойынша 15 мыңнан астам өтініш тіркелген. Төтенше жағдай кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлері 7 мыңға жуық қорғау нұсқамаларын қабылдады.

Заң жобасының негізгі мақсаты-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың анықталған фактілеріне ден қою шараларын күшейтумен қатар, осындай зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді шараларын әзірлеу, өмірлік қиын жағдай отбасылық жанжалдарға себеп болған отбасыларға қолдау көрсету.

2019 жылғы қарашада БҰҰ Әйелдерге қатысты кемсітуді жою жөніндегі комитеті Қазақстанға үйдегі зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің өтініштеріне тиісті ден қоюды қамтамасыз ету үшін заңнаманы күшейтуді ұсынды.

Заң жобасын әзірлеушілердің пікірінше, жаңа Заң адам құқықтарын, әсіресе балалардың, егде адамдардың, мүгедектердің құқықтарын тиімді қорғауға, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығын ілгерілетуге, олардың балаларды тәрбиелеудегі өзара жауапкершілігіне, отбасылық құндылықтарға ұқыпты қарауға, келіспеушіліктерді реттеудің зорлық-зомбылықсыз тәсілдерін насихаттауға бағытталуы тиіс. Талқылауға азаматтық қоғам өкілдері, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Жоғарғы Сот, Бас прокуратура, мүдделі министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, адвокаттар, нотариустар, әлеуметтік қызметкерлер қатысуда.

 

ҚР Адам құқықтары жөніндегі Уәкіл