Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының бірінші отырысына Омбудсмен қатысты

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының бірінші отырысына Омбудсмен қатысты

Минскіде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының бірінші отырысы өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның өкілдері қатысуда.

Қазақстан Республикасынан комиссияның мүшесі - Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев барды. Ол өз сөзінде қатысушыларды құттықтап, еліміздің адам құқықтарын қорғау саласындағы ұстанымдарына тоқталды.

"Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында экономикалық даму стратегиясының негізінде азаматтарымыздың мүдделері мен қажеттіліктері болатынын атап өтіп, жоғары құндылықтарға – адам мүдделері мен құқықтарына адалдығын тағы да растады. Әділдік, инклюзивтілік және прагматизмнің халықтың өмірін жақсартуға бағытталуы дамудың негізгі қағидаттары деп жарияланды", - деді ол.

Сондай-ақ, Уәкіл 75 жыл бойы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау және нығайту барлық халықтар мен мемлекеттердің басым міндеттері болғанын алға тартты

“Қазір қабылданып жатқан шаралар мен шешімдердің жалпыадамзаттық құндылықтарға сәйкестігін қамтамасыз ету маңызды екені анық, дегенмен құқықтық институттар жаңа сын-тегеуріндерді көріп отыр.  Бұл аспектідегі шешуші рөл құқық қорғау институттары мен мекемелеріне тиесілі. Біздің комиссияның жұмысы елдерімізде адам құқықтарын құрметтеу мен сақтау ахуалын бекіту жөніндегі ұжымдық күш-жігерді шоғырландыруға, азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халықаралық стандарттарды заңнамада және құқық қолдану практикасында одан әрі ілгерілетуге жәрдемдеседі деп ойлаймын", - деді Уәкіл.

Отырыс барысында Ресей Федерациясындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалькова екі жыл мерзімге комиссия төрағасы болып сайланды, сондай-ақ ТМД адам құқықтары жөніндегі комиссиясының 2024-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды, комиссия қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірленді.