
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Финляндия әділет канцлері Туомас Пойсти мен Финляндияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Соили Макеляйнен-Буханистаны қабылдады.
Кездесуге қатысушылар кең ауқымды мәселелерді талқылады. Артур Ластаев омбудсменнің ерекше мәртебесі, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай келеңсіздіктерді болдырмаудың жаңа мүмкіндіктерін айқындайтын конституциялық реформа, сондай-ақ Уәкіл кеңсесі мен оның өңірлік өкілдерінің күнделікті қызметі туралы айтты.
Уәкіл қазір Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың жұмысы адам құқықтарын қорғаудың белсенді тәсілдеріне көбірек бағытталып жатқанын, бұл үшін ұйым құрылымында ақпараттық-талдау бөлімшесі құрылғанын атап өтті.
Басқосуға қатысушылар азаматтардың заң шығаруға қатысу үдерістерін де талқылады. Омбудсмен азаматтардың кең ауқымын тарту ұсынылып отырған заң жобаларының әртүрлі көзқарастары мен ықтимал салдарын анықтауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл халыққа пайдалы, теңдестірілген және тиімді заңнаманы құруға ықпал етеді.
Жеке сұрақтар блогы сыбайлас жемқорлықпен күрес тақырыбына қатысты болды. Артур Ластаев сыбайлас жемқорлықтың адам саудасымен күреске кері әсерін тигізіп, сот төрелігіне, заң алдындағы теңдікке, білім мен денсаулық сақтауға қолжетімділік сияқты адамның негізгі құқықтарының бұзылуына әкеліп соқтыратынын, бұл зиянды әлеуметтік құбылысқа қарсы күрестің әділетті қоғам құруға бағытталғанын атап өтті.