
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев БҰҰ-ның Есірткімен күрес және қылмыс жөніндегі басқармасының Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Ашита Митталмен кездесті.
Кездесуге құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстық сот төрелігі жөніндегі халықаралық үйлестіруші міндетін атқарушы Вера Ткаченко да қатысты. Сонымен қатар Қазақстандағы БҰҰ ЕҚБ Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Мәдина Сариева, Орталық Азиядағы БҰҰ ЕҚБК-нің аймақтық кеңсесі бағдарламаларды басқару жөніндегі үйлестіруші Азизхон Бахадиров атсалысты.
Уәкіл әріптестерін кеңсе қызметімен таныстырып, азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және осындай келеңсіздіктерге жол бермеу үшін жаңа мүмкіндіктерді айқындайтын конституциялық реформа туралы жан-жақты айтып берді.
Артур Ластаев қоғамнан уақытша оқшауланған аймақтарда адам құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін қабылданып жатқан жоғары технологиялық шешімдерге тоқталды.
Барлық қатысушылар Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының қызметін жоғары бағалады.
Айта кетейік, жыл басынан бері Уәкіл 4,5 мыңға жуық жазбаша өтінішті қараған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен үш есе, 2022 жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік көп.
Сарапшылар Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы мен БҰҰ-ның тиісті құрылымдары арасында тығыз жұмыс байланысын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу соңында Ашита Миттал Омбудсменнің ұжымына құрмет көрсетіп, Нельсон Манделаның жинағын тапсырды.