Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Ластаев Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында «Құқықтық ақпарат туралы заң шығару: жетістіктер мен перспективалар (заңнамалық және заңға тәуелді деңгейлердегі нормалардың аражігін ажырату)» тақырыбында өткен ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.
Конференция Заңнама және құқықтық ақпарат институтының құрылғанына 30 жыл толуына орайластырылған.
А.Ластаев «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң бойынша бірлескен жұмысқа ризашылық білдіріп, осы заңның 2022 жылы қабылдануы Венециандық комиссиямен және Біріккен Ұлттық Ұйымдар құрылымдарымен жоғары бағаланғанын баяндады.
Сонымен қатар, Уәкіл: «Бүгінгі таңда халықаралық сарапшылар, БҰҰ-ның шарттық органдары Қазақстанның осы саладағы күш-жігерін жоғары бағалайды. Біздің міндетіміз – осы қарқаннан таймай, қолданылатын халықаралық құқықты және адам құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін пайдалану мүмкіндіктерін кеңейту.
Біз өз мандатымыз шеңберінде заң шығару қызметіне қатысуды арттыруды, Парламентпен тығыз жұмыс атқаруды жоспарлап отырмыз» деп, Адам құқықтарына қатысты заң жобалары арнайы сарапшылық бағалауды, аналитикалық және әлеуметтік зерттеулер өткізуді талап ететінін атап өтті.
Уәкіл өз тарапынан медициналық-әлеуметтік мекемелерде зейнетақы төлемдерінің тәртібін жетілдіру, тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және экстрадициялау кезіндегі бұлтартпау шараларының пропорционалдылығы, «қыз алып қашу» үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу және және басқа маңынды мәселелерге қатысты бірқатар арнайы ұсыныстарға бастамашылық жасалғанын баяндады.
Сөз соңында А. Ластаев Институтпен жүйелі түрде өзара ынтымақтастық алдағы уақытта дами түсетініне сенім білдіріп, конференция қатысушыларын мерейтоймен құттықтады.