Адам құқықтары жөніндегі үлттық орталықтың басшысы Ұлытау облысының шалғайдағы ауылдарының тіршілігімен танысып қайтты

Адам құқықтары жөніндегі  үлттық орталықтың басшысы  Ұлытау облысының шалғайдағы ауылдарының тіршілігімен  танысып қайтты

Ұлттық орталықтың басшысы С.П.Тұрсынбекова Қызылжар, Ералиев, Ұлытау және Кенжебай-Самай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналатын ауылдың жағдайымен танысып, халқыменен жылы тілдескен Ұлттық орталықтың басшысы тізіліп айтылған проблемаларға ерекше көңіл бөлді.
Кездесуге келген тұрғындар Салтанат Пархатқызына ауылдарда көптен бері айтылып жүрген су тапшылығы, тиісті түрде медициналық көмек ала алмай жүргендерін, яғни дәрігерлердің жетіспеушілігі туралы әңгіме өрбітті. Мысалы, сырқаттанып қалған тұрғын қарапайым бастың дәрісін алу үшін облысқа қатынайды. Сонда жаңағы дәрінің бағасы қымбатқа шығатынын біз айтпасақ та түсінікті.Оның үстіне, қоғамдық көліктің тапшылығынан оны такси жалдап алып келеді.
Жиналған көпшілік дәріханалар мен аудан орталығындағы УДЗ аппараттарының жоқтығынан, жүкті әйелдер, науқастар мен балалардың ультрадыбыстық зерттеуден өтуі үшін Жезқазғанға өз есебінен баратындары айтылды.
Жаңа оқу жылының ауылы да алыс емес. Әйелдер балаларды мектепке дайындау мен көпбалалы отбасыларға материалдық көмек алуға байланысты мәселелерді де көтерді.
Дәрігердің кеңесін алу үшін Қызылжарлықтар аудан орталығына 160 шақырым жол жүруі керек екен. Осы тұста қоғамдық көліктің ауылдарға қатынап тұруын жергілікті билік басшылары ретке қойғанда, көп мәселенің басы шешілер еді. Қыстың қамын жаз ойла деген бар. Шұбаркөл көмір кен орны Ұлытау ауданына жақын орналасса да бағасы шарықтап тұр. Осылайша көп сұрақтар талқыланды, ауыл тұрғындарының көтерген мәселелері тыңдалды. Өз кезегінде Салтанат Пархатқызы ұсыныс ретінде отбасын қолдау мәселелерін шешумен айналысатын басқарма немесе орталық ашуды алға тартты.
Жиын соңында, ауыл тұрғындарының лайықты өмір сүру деңгейіне бағытталған жұмыстарды жүргізу мақсатында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғ.М.Құсманғали, өз құзыреті шеңберінде шаралар қабылдайтынын айтып жеткізді.