Адам құқығы жөніндегі уәкіл адвокаттың таңдау құқығын ұлттық заңнамада ілгерілету қажеттігі туралы ұстанымды қолдайды

Адам құқығы жөніндегі уәкіл адвокаттың таңдау құқығын ұлттық заңнамада ілгерілету қажеттігі туралы ұстанымды қолдайды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің атына Республикалық адвокаттар алқасының мемлекеттік құпиялары бар қылмыстық істерге адвокаттардың қатысуы кезінде туындайтын проблемалар туралы өтініші келіп түсті.

Қылмыстық жауапкершілікке тартылған адам үшін сайлаған адвокаттарды мемлекеттік құпияларға жіберудің қолданыстағы жеңілдетілген тәртібіне қарамастан, олар сотқа дейінгі тергеудің бірінші кезеңінде ақ (ұстау, жауап алу, бұлтартпау шараларын санкциялау және т.б.) қиындықтарға тап болады.

Қолданыстағы тәртіп бойынша адвокат нақты бір іс шеңберінде ғана мемлекеттік құпияларға рұқсат алады. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мерзімінің қысқалығы мен рұқсатнаманы ресімдеу қажеттігі себебінен кейбір жағдайларда адвокат сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысына қатыса алмайды.

Қорғаушының тиісті рұқсаты болмауына байланысты іске қатысуға құқығы болмаған кезде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 16-бабының 3-тармағында кепілдік берілген білікті заң көмегін алу құқығын қамтамасыз ету үшін қылмыстық қудалау органдары басқа адвокатты тағайындауы қажет.

Сонымен қатар, шет елдердің тәжірибесінде бұл мәселені шешуге арналған әртүрлі тәсілдер бар. Мысалы, қорғаушы жария етпеу туралы келісім беріп, арнайы рұқсатсыз мемлекеттік құпия болып саналатын мәліметтерді қамтитын қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатыса алады. Егер осы міндеттемені бұзса, ол үшін қылмыстық жауаптылық көздеген.

Талдау нәтижелерін, сондай-ақ біздің еліміз қабылдаған халықаралық міндеттемелерді, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің, Азаптауға қарсы комитеттің нақты жағдайларды қарау кезінде білдірген ұстанымдарын ескере отырып, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адвокаттың ұлттық заңнамада қорғаушыны еркін таңдау құқығын одан әрі ілгерілету қажеттілігі туралы ұстанымын қолдады.

 «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық Заңының 7-бабы 7) тармақшасына сәйкес өтініш Үкімет Регламентінде белгіленген тәртіппен қарау үшін жолданды.