
Еліміздің оңтүстік өңіріне жұмыс сапарының барысында Артур Ластаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен, облыс белсенділері және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесті.
Аталған іс-шараға Түркістан облысының прокуроры, облыстық сот пен мәслихаттың төрағалары, басқа да уәкілетті органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.
Кездесу барысында Адам құқықтары жөніндегі институттың мақсаттары, міндеттері мен бағыттары, оның өңірлердегі өкілдіктері туралы толық ақпарат берілді.
«Мемлекет басшысы елдегі адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру мен қарапайым азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді тапсырды. Өткен жылы қабылданған «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы Конституциялық заң азаматтардың өз құқықтарын қорғау мүмкіндіктерін кеңейте түсті.
Мәселен, Омбудсмен сотқа шектеусіз адамдар тобының құқығын қорғау үшін талап қою арызбен жүгіне алады. Жоғарғы Сотқа адам құқықтарының өрескел бұзушылығы байқалған істер бойынша және Конституциялық сотқа адамның құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің заңдылығы жөнінде түсініктемелер беру туралы жүгінуге құқылы.
Сондай-ақ Қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарға еш кедергісіз бару құқығына ие. Жұмыс сапары барысында біз осындай бірқатар мекемелерге бардық.
Бұдан басқа, республикалық маңызы бар қалаларда және аудандарда Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілдіктері құрылғанын атап өткен жөн. Олар өңірлерде азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын жергілікті деңгейде қорғайды», - деді өз сөзінде Артур Ластаев.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаптаулардың, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, зорлаудың және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың профилактикасы жөніндегі шараларды күшейту қажеттігіне баса назар аудартты. Құқық қорғау органдарын тергеп-тексерудің объективтілігі мен бейтараптығын қамтамасыз етуге, қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты озбырлық фактілер мен тергеудің рұқсат етілмеген әдістеріне жол бермеуге шақырды.
Осы кездесуде сөз алған облыс прокурорының орынбасары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратураға жыл басынан орын алған азаптауларға қатысты істерді тергеп-тексеру жүктелгенін айтты. Ағымдағы жылдан бастап 14 қылмыстық іс тергеп-тексерілді, 2 іс сотқа жіберілді. Полиция ғимараттарындағы «соқыр аймақтарға» бейне бақылау құрылғылары орнатылды, жабық мекемелердегі бейнежазба камераларының саны 3000-ға жетті, арыз беру үшін арнайы терминалдар үздіксіз жұмыс істеуде. Қабылданған іс-шаралар азаптаулардың 25 процентке төмендеуіне өзіндік ықпалын тигізді.
Сонымен қатар қатысушылар қазіргі уақытта қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі болып отырған балаларға қатысты зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс фактілерінің профилактикасы мәселелеріне жете тоқталды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің көбею мәселесі де қызу талқыға түсті.
Өңірде аталған санаттағы құқық бұзушылықтардың туындауына ықпал ететін факторлары және профилактиканы күшейтуге бағытталған шаралар туралы атап көрсетілді.
Кездесу соңында Омбудсмен мен Түркістан облысының әкімі өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұл адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша тиімді шараларды бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді.