
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан азамат арызданды.
Ол кәмелетке толмаған ұлымен үзілген байланысты қайта қалпына келтіру үшін көмек сұрап, өтініш білдірді. Орын алған жағдайларға байланысты оның ұлы ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, Астана қаласының Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастырылған.
Алайда, Орталық басшылығы ата-ана құқығынан айырылмаған ұлы мен әкесі арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдамаған.
Осының нәтижесінде әкесі ұлымен байланысын үзген. Сонымен қатар, өтініш беруші Орталықта болған уақытында медициналық мекемеге жатқызылған ұлының денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, ол жайлы ақпарат ала алмағанын да айтты.
Әңгімелесу барысында азамат соттың оны ата-ана құқығынан айырмағанын, ол баласының жалғыз заңды өкілі болып қала беретінін және өзінің ата-аналық міндеттерін адал орындағысы келетінін айтты.
Осылайша, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің және «Бала құқықтары туралы» Заңның нормаларын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің аппараты Астана қаласының білім басқармасына өтінішхат жолдады.
Аталған деректі тексеру нәтижесінде жіберілген бұзушылықты жою бойынша шаралар қабылданды. Бала мен әкенің құқықтары, олардың қарым-қатынас жасау және қайта әлеуметтену мүмкіндігі қалпына келтірілді.
#Ombudsman #Уәкіл #АдамҚұқығы