
Жоғарғы Сотта Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің жобасын талқылау бойынша кездесу өтті. Оның жұмысына жоғары сот органының судьялары, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков бастаған Сенат депутаттары, Сенаттың, Жоғарғы Соттың, Бас Прокуратура мен Әділет министрлігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Іс-шараның алдында депутаттар Ахуалдық орталықта болды. Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров меймандарға сот органдарының цифрлық сервистерін таныстырды.
Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асанов кездесуге қатысушыларды сот органдарының ресми интернет-ресурсында жарияланған «Қазақстанның сот төрелігі: ахуалы, үрдістері, келешегі» атты жаңа жинақпен таныстырды. Делегация соттар жұмысының айқындығын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа оң баға берді. Бүгінде сот жүйесінің қызметі туралы барлық негізгі ақпарат азаматтарға қолжетімді. Еш сұрау хатсыз-ақ әрбір адам соттардың саны, судьялық кадрлардың сапалық құрамын жақсарту, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия жұмысы, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша сот ісін жүргізу және т.б. туралы біле алады.
«Бұрын сот төрелігінің үш түрі болатын. Біз сот ісін жүргізудің өзіндік қағидаттары бар, айрықша жаңа формасын қалыптастыру бағытында жұмыс істеудеміз. ӘРПК жобасын әзірлеу барысында Еуропа елдеріндегі әкімшілік әділет жүйесін ұйымдастырудың жай-күйі егжей-тегжейлі зерделенді.
Жария-құқықтық дауларда көбінесе азаматтар теңсіз жағдайда болады және олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Әкімшілік әділет жүйесінде судьяның белсенді рөлі қағидаты тараптардың теңсіздігін жоюға жәрдемдеседі», - деді Ж.Асанов.
ӘРПК жобасын Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі әзірледі. Оның негізгі қағидалары туралы Департамент басшысының орынбасары Аслан Тукиев егжей-тегжейлі айтып берді. Спикердің сөзінше, «бұл – адами, халықтық жоба». Сот азаматтың шағымы бойынша әкімшілік (мемлекеттік) органның шешіміне тексеріс жүргізеді. Әкімшілік сот өз шешімдерінің орындалуына қатаң бақылау орнататын болады.
Жобаға сәйкес, адамдарды билік субъектілерінің өз құзыретін асыра пайдалану ықтималдығынан қорғауға бағытталған әкімшілік рәсімдер мен сот ісін жүргізудің жаңа қағидаттарын енгізу көзделген:
Мөлшерлестік қағидасы. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін шаралар мөлшерлес болуға тиіс.
Құқық басымдығы қағидаты. Заң актілеріндегі барлық күмән, қайшылықтар мен түсініксіз жайттар азаматтардың пайдасына түсіндіріледі.
Сенімге құқықты қорғау қағидаты. Азамат мемлекеттік орган қабылдаған шешімнің заңды әрі жүйелі екендігіне сенімді бола алады.
Дәйектілік қағидаты. Азамат ұсынған құжаттар мемлекеттік орган теріс деп белгілемейінше, дәйекті болып саналады.
Соттың белсенді рөлі. Осы қағиданы басшылыққа ала отырып сот: егер тараптар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, істің барлық мән-жайын зерттеуге, талап арызда жіберілген формальді қателіктерді жоюға жәрдемдесуге, түсініксіз талаптарды нақтылауға және талап арыз беру салдарын түсіндіруге, іс бойынша алдын-ала пікір білдіруге міндетті.
ӘРПК жобасын талқылау барысында сенаторлар енгізілетін жаңашылдықтардың өміршеңдігін атап өтті. «Бұл революция! Өте маңызды жоба. Біз жобаның қоғамдағы даукестікті азайтуға бағытталған идеяларын қолдауға әзірміз», - деп түйіндеді депутат Андрей Лукин.