
Бұл туралы Ақмола облысының қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қоғамдық мониторингі барысында хабарланды.
Делегация құрамында ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Орталық Азиядағы PRI бағдарламаларының өңірлік менеджері, ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) басшылығы, құқық қорғаушылар, БАҚ және блогерлер сотталғандарды ұстаудың материалдық-тұрмыстық жағдайларын зерделеді.
Сапар барысында ҚАЖК төрағасы Жанат Ешмағамбетов атап өткендей, қазіргі уақытта қылмыстық-атқару жүйесін жаңғырту жұмыстары басталды.
"Бұл ең алдымен түзеу мекемелерінің қалыпты "өміріне" жаңа технологияларды енгізуге, сондай-ақ жазаларды орындау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жұмыс. Бұл туралы Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында да айтқан болатын. ҚАЖ мекемелерін бейнебақылау жүйелерімен толық қамтуды қамтамасыз ету күтілуде, бұл нақты уақыт режимінде уақтылы бақылауды қамтамасыз етеді және қызметкерлер тарапынан да, сотталғандар тарапынан да құқыққа қайшы әрекеттерді барынша азайтуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Ешмағамбетов.
Сондай – ақ, ҚАЖК төрағасының айтуынша, пандемия кезінде сотталғандар арасында коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыруға жол бермеу мақсатында олардың туыстарымен байланысы үшін бейне қоңыраулар жүйесі, ал қажетті тауарларды сатып алу үшін-электрондық дүкендер енгізілді. Сонымен қатар, қажетті дәрі-дәрмектер мен медициналық жабдықтар қоры тұрақты түрде толықтырылып отырады.
"Біз сондай-ақ әрбір мекемеде "электрондық терминалдар" орнатуды жоспарлап отырмыз, олардың көмегімен қамаудағылар шағымдар мен өтініштерді соттарға, прокуратураға және басқа органдарға жолдай алады. Заң жүзінде біз бұны бекітіп қойдық", - деді Ешмағамбетов.
Сонымен қатар, қоғам белсенділері сотталғандарды жұмысқа орналастыру бойынша ағымдағы мәртебесімен таныстырды. Ақмола облысында қамаудағылардың 78% - ы жұмысқа орналастырылды. Олар негізінен киім тігумен, жиһаз жасаумен, құрылыс материалдарын шығарумен айналысады.
Айта кету керек, сотталғандар құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін жеке қорғаныс құралдарын жасау арқылы пандемиямен күресте ерекше үлес қосты. Мұндай еңбек назардан тыс қалған жоқ.
"Мен бригада бастығымын, тігін өндірісінде жұмыс істеймін. Үнемі жалақы аламын. Пандемия кезінде біз алғашқылардың бірі болып маскалар мен қорғаныс костюмдерін тігуге көмектестік. Менің үйімде әйелім мен балаларым бар, мен оларға ақша жіберемін. Пандемия кезінде ерекше көзге түскендерге сыйақы төлегені үшін ішкі істер министріне алғыс айтқым келеді", – деді Ақмола облысындағы колониядағы сотталғандардың бірі.
Ешмағамбетов еңбек сотталғандарды түзеу процесіне оң әсер ететінін атап өтті.
"Жұмыс істейтін сотталғандар жазаны өтеудің белгіленген тәртібін әлдеқайда сирек бұзады. Ақша табу арқылы олар отбасылар мен жақындарға көмектеседі, осылайша олар әлеуметтік байланыстарды жақсартады және босатылғаннан кейін қоғамға оңай бейімделеді", – деді ол.
Екі күндік мониторинг барысында делегация Степногорск және Атбасар қалаларының ең жоғары қауіпсіздік мекемелеріне, Гранитный кентінің орташа қауіпсіздік мекемесіне, Көкшетау қаласының тергеу изоляторына барды.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында режимі әртүрлі бес мекеме және бір туберкулезге қарсы аурухана жұмыс істейді, онда 2,5 мыңға жуық адам ұсталады.