Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық Кеңес туралы ереже

Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық Кеңес туралы

ЕРЕЖЕ

  1. Жалпы ережелер
  1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Сарапшылық кеңес (бұдан әрі-кеңес) консультациялық-талдамалық функциялары бар кеңесші орган болып табылады, ол қоғамдық негізде жұмыс істейді.
  2. Кеңес өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, сондай-ақ өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
  3. Кеңес өз қызметінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, заңдылық, объективтілік және жариялылық қағидаттарын басшылыққа алады.

 

  1. Кеңестің негізгі міндеттері мен функциялары

 

  1. Кеңестің негізгі міндеттері:

1) адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өз өкілеттіктерін іске асыруына консультациялық көмек көрсету;

2) сараптама жұмыстары:

- адамның құқықтары мен бостандықтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру, оны халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу және қорытындылар дайындауға қатысу;

- Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынылатын жыл сайынғы есептерін дайындау кезінде пайдалану үшін ұсыныстар мен материалдар әзірлеу.

  1. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты бөлігінде нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарау;

2) адам құқықтары жөніндегі уәкілге адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың құқықтық тетігін жетілдіру жөнінде ұсыныстар беру;

3) Қазақстан Республикасында адам құқықтарының сақталуы жөніндегі ахуалды зерделеу және талдау;

4) Адам құқықтары жөніндегі уәкілге адам құқықтары мен бостандықтары саласында ағарту жұмысын жүзеге асыруға жәрдемдесу болып табылады.

  1. Кеңестің Құқықтары
  1. Өз міндеттерін іске асыру мақсатында Кеңес:

1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша сараптамалық қорытынды беруге;

2) адам құқықтарының сақталуына қатысты шолулар мен талдау есептерін дайындауға және оларды адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қарауына ұсынуға;

3) адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтан кеңестің міндеттерін іске асыруға қажетті ақпарат пен материалдарды сұратуға және алуға;

4) Қазақстан Республикасының ратификацияланған халықаралық шарттарын орындау жөнінде ұсыныстар дайындау кезінде уәкілге сараптамалық-талдамалық қолдау көрсетуге;

5) адам құқықтары жөніндегі уәкілге оның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы.

  1. Кеңесті қалыптастыру және оның қызмет ету тәртібі
  1. Кеңес ғалымдар, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, білім беру ұйымдарының өкілдері, үкіметтік емес құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында жұмыс тәжірибесі бар мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатарынан қалыптастырылады.

Кеңестің дербес құрамын адам құқықтары жөніндегі уәкіл бекітеді.

  1. Кеңесті отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жай көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы сайланатын төраға басқарады.
  2. Кеңес Төрағасы:

1) кеңес қызметіне басшылық жасайды және оның жұмысының ұйымдастыру нысандарын айқындайды;

2) Кеңес отырыстарын жүргізеді және оның шешімдерін бекітеді;

3) адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қарауына қорытындылар, шолулар мен есептерді, сондай-ақ Кеңес дайындаған өзге де құжаттарды ұсынады.

  1. Кеңес қызметін құжаттамалық ресімдеу, оның мүшелерін жедел хабардар ету және отырыстар арасындағы кезеңде олармен байланысты қолдау үшін Кеңес хатшыны бекітеді.

Кеңес хатшысы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкері болып табылады.

  1. Кеңес өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныс сипатындағы шешім қабылдайды.
  2. Шешім отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жай көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
  3. Кеңес шешімі Кеңес төрағасы мен хатшысы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
  4. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда кемінде бір рет өткізіледі.
  5. Кеңес отырысы оған оның мүшелерінің жартысы қатысқан жағдайда заңды болып табылады.

 

 

Дата публикации
17 июня 2021