Адам құқықтары кез келген жағдайда, соның ішінде мандаттық мекемелерде — уақытша ұстау орындарында, әлеуметтік, медициналық және жабық немесе жартылай жабық үлгідегі өзге де ұйымдарда болған кезде де сақталады. Бостандықтың шектелуі немесе мекеме бақылауында болу негізгі құқықтар мен адам қадір-қасиетін шектеуге негіз бола алмайды.
Өмірде әр адам өзі немесе жақындары денсаулық жағдайына, жас ерекшелігіне, өмірлік ахуалдарға не процестік шешімдерге байланысты осындай мекемелерге тап болуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда адам құқықтарының сақталуы жекелеген азаматтар санатына ғана емес, тұтас қоғамға қатысты мәселе болып табылады.
Адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттар, соның ішінде Азаптауға қарсы конвенцияның және оған Факультативтік хаттаманың ережелері, мұндай мекемелердегі адамдарды ұстау жағдайларына тәуелсіз бақылау жүргізудің қажеттілігін айқындайды. Көптеген мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, осындай мекемелердің ашықтығы мен тұрақты мониторингі қатыгез қарым-қатынастың алдын алудың, заңдылықты нығайтудың және қоғам сенімін арттырудың маңызды шарттары болып табылады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Ұлттық превентивтік механизмнің қатысушылары мандаттық мекемелерге баруға, ұстау жағдайларына, қарым-қатынас жасауға, медициналық көмек көрсетуге және азаматтардың өзге де құқықтарының сақталуына мониторинг жүргізуге өкілетті. Ерекше назар бостандығы шектеулі және мекеме әкімшілігіне тәуелді жағдайда болатын ең осал санаттағы адамдардың құқықтарын қорғауға аударылады.
Барулар мен мониторингтік іс-шаралар жүйелі мәселелерді уақтылы анықтауға, азаматтардың өтініштеріне ден қоюға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ұстау жағдайларын ұлттық әрі халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге жәрдемдеседі. Мандаттық мекемелердегі адам құқықтарын қорғау — бұл тек бақылау мәселесі ғана емес, сонымен қатар мемлекеттің гуманизм деңгейінің, құқықтық мәдениетінің және қоғам алдындағы жауапкершілігінің көрсеткіші.