Сөз бостандығы – қоғамның ашықтығын қамтамасыз ететін және азаматтардың оның дамуына қатысуына мүмкіндік беретін адамның іргелі құқықтарының бірі. Сонымен қатар, құқықтық мемлекетте бұл құқық абсолютті сипатқа ие емес және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ қоғамдық және мемлекеттік қауіпсіздік талаптарын ескере отырып жүзеге асырылады.
Заң әркімге ақпаратты еркін іздеуге, алуға және таратуға құқық береді. Сонымен бірге пікір білдіру бостандығын теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік белгіленген.
Пікір білдірудің жол берілмейтін нысандарына қоғамға әсер етуі немесе адамдарды жаңылыстыруы мүмкін көрінеу жалған ақпаратты тарату жатады. Сондай-ақ басқа тұлғалардың ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жала жабу мен қорлау әрекеттеріне жол берілмейді. Әлеуметтік, ұлттық немесе діни белгілері бойынша өшпенділік пен араздықты қоздыратын мәлімдемелерге тыйым салынады. Бұдан бөлек, зорлық-зомбылыққа немесе заңсыз әрекеттер жасауға шақырулар да жол берілмейді.
Сөз бостандығының құқықтық шектерін түсіну күнделікті өмірдің әртүрлі салаларында өзекті болып табылады.
Цифрлық ортада азаматтар өз пікірін білдіруге, материалдар жариялауға және қоғамдық талқылауларға қатысуға құқылы. Бұл ретте олар жарияланған ақпараттың мазмұны үшін, соның ішінде жарияланымдар мен репосттар үшін, заңнама талаптары бұзылған жағдайда жауапкершілікке тартылады.
Еңбек қатынастары шеңберінде жұмыс үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша сындарлы пікір білдіруге жол беріледі. Алайда еңбек шартының талаптарын, корпоративтік әдеп нормаларын және заңмен қорғалатын ақпаратты жария етпеу міндетін сақтау қажет.
Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл кезінде азаматтар сын айтуға және ұсыныстар енгізуге құқылы. Алайда көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе пікір білдірудің жол берілмейтін нысандарын қолдану жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.
Құқықтық ағарту – пікір білдіру бостандығын заң аясында, жауапкершілік пен өзара құрмет қағидаттарын сақтай отырып жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негізгі құрал болып қала береді.