Қазақстан Республикасы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі ілгерілеуді көрсетіп отыр, бұл бағытты орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың және құқықтық мемлекетті нығайтудың негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырады. Теңдіктің негізгі кепілдіктері Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген, оған сәйкес әрбір адам жынысына қарамастан тең құқықтар мен бостандықтарға ие, сондай-ақ кез келген кемсітушілік нысандарынан мемлекеттік қорғау қамтамасыз етіледі.
Конституциялық нормалар әйелдердің саяси, экономикалық және әлеуметтік салалардағы құқықтарын іске асырудың негізін қалайды. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке тең қолжетімділік, мемлекеттік істерді басқаруға қатысу, білім алу және қызмет түрін еркін таңдау құқықтарына кепілдіктер берілген. Сонымен қатар мемлекет ананы, баланы және отбасын қорғауды қамтамасыз етеді, бұл әйелдерді әлеуметтік қолдау жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Конституциялық ережелерді дамыту мақсатында елде әйелдердің құқықтарын нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық және институционалдық шаралар қабылданды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді, кемсітушіліктен құқықтық қорғау тетіктері жетілдірілуде, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және олардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда. Мемлекеттік органдарда және квазимемлекеттік секторда әйелдердің үлесінің артуының оң динамикасы байқалады.
Қоғамда теңдік қағидаттарына және зорлық-зомбылыққа жол бермеуге негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыру ерекше маңызға ие. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, гендерлік стереотиптерді еңсеру және азаматтық қоғам институттарын дамыту әйелдердің құқықтары нақты қорғалатын және іс жүзінде жүзеге асырылатын орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар жүйелі тәсілді талап ететін бірқатар өзекті міндеттер сақталуда. Олардың қатарында еңбекақыдағы гендерлік алшақтықты қысқарту, әйелдердің басшылық лауазымдардағы өкілдігін арттыру, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның жолын кесу тетіктерін одан әрі жетілдіру бар. Бұл үдерісте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуына мониторинг жүргізетін, оның ішінде гендерлік теңдік мәселелерін қамтитын Адам құқықтары жөніндегі уәкіл маңызды рөл атқарады.
Қазақстанда әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету кешенді және басым бағыт болып табылады, ол конституциялық кепілдіктер мен халықаралық міндеттемелерге сүйенеді және тең мүмкіндіктерге негізделген әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.