2026 жылғы 6–10 сәуір аралығында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдерде «ТМД-дағы Денсаулық және адам құқықтары апталығы» акциясы өтуде. Аталған іс-шара ТМД-да жарияланған Денсаулықты сақтау жылына орай ұйымдастырылып, Біріккен Ұлттар Ұйымының медицина, әділет мемлекеттік институттардың тиімділігі саласындағы тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған.
Халықаралық актілерге және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, денсаулыққа құқық – бұл тек медициналық көмекке қолжетімділік қана емес, сонымен қатар психикалық тепе-теңдік, әлеуметтік тұрақтылық және жалпы өмір сапасын қамтитын кешенді ұғым. Осы саладағы мемлекеттік саясат медициналық көмектің қолжетімділігіне, кемсітушіліктің болмауына және, әсіресе, халықтың осал топтары арасында профилактиканың басымдығына негізделеді.
Аталған құқықтарды іске асыру бірқатар объективті қиындықтарға тап болуда. Негізгі факторлар ретінде қала мен ауыл арасындағы медициналық қызметтердің сапасындағы айырмашылық, білікті кадрлардың тапшылығы және шалғай өңірлерде тар бейінді медициналық көмекке қолжетімділіктің шектеулілігі сақталуда. Сонымен қатар өңір тұрғындарының денсаулық көрсеткіштеріне экологиялық жағдай, тамақтану сапасы және психоэмоционалдық жүктеме деңгейі де әсер етеді.
Халықтың денсаулығын сақтау құқығын қамтамасыз ету Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өңірлік өкілдігінің тұрақты бақылауында. Мониторинг жүргізу және азаматтардың өтініштерін қарау арқылы омбудсмен институты жүйелі кедергілерді айқындап, оларды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жоюға бастамашылық етеді. Бұл ретте осал топтар мен қамауда ұсталатын адамдар үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігіне ерекше назар аударылады.
Жағдайды жүйелі түрде жақсарту тек кешенді тәсіл арқылы мүмкін: инфрақұрылымды дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау және азаматтардың өз денсаулығына деген жеке жауапкершілігін арттыру қажет. ТМД аясында өткізілетін тақырыптық апта – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіріп, өңірдегі өмір сапасына тікелей әсер ететін нақты шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң.