Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы қаласы бойынша өкілі Алматы қаласы бойынша «Еркіндік Рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесімен бірлесіп, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының Орталық Азиядағы өкілдігі ұйымдастырған Халықаралық қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік оқыту бағдарламасына (IPLP) қатысты.
Іс-шара аясында қатысушылар босқындардың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық стандарттар мен қағидаттарды, баспана беру рәсімдеріне қол жеткізу мәселелерін, кері қайтармау қағидатын, халықаралық қорғау нысандарын, сондай-ақ халықаралық қорғау мен ұлттық қауіпсіздік арасындағы өзара байланысты талқылады.
Бағдарлама сарапшылардың баяндамаларын, тақырыптық пікірталастарды және халықаралық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді қарастыруға әрі тәжірибе алмасуға бағытталған практикалық тапсырмаларды қамтыды.
Аталған іс-шараға қатысу адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттар туралы білімді кеңейтуге, кәсіби өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ баспана іздеушілер мен босқындардың құқықтарын қорғау тетіктері туралы хабардарлықты арттыруға ықпал етті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев «Адамға бағдарлану - Қазақстанның конституциялық реформасының векторы» атты халықаралық конференцияның жұмысына қатысты.
Әділет министрлігі ұйымдастырған бұл іс-шараға Құрылтай депутаттары мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелерінің, мемлекеттік органдардың басшылары мен Қазақстан және шетелдік ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстанның жетекші заңгерлерінің басы біріктірілді.
Өз сөзінде Омбудсмен жаңа Конституцияның адам құқықтарының басымдығы идеясына негізделгенін атап өтті. Ол ең іргелі халықаралық стандарттарды, ұлттық ерекшеліктерді және мемлекеттілікті одан әрі дамытудың озық идеяларын негізге алады.
«Адам құқықтарының басымдығы нақты конституциялық кепілдіктерден көрініс табады. Олардың қатарында өмір сүру және әділ сот талқылауына құқығы, адамның қадір-қасиеті мен дербес деректерін қорғау, сөз және діни сенім бостандығы бар», - деді Артур Ластаев.
Конференция қатысушылары конституциялық жаңашылдықтарды заңнамада іске асырудың практикалық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, норма шығару қызметінің философиясын өзгерту, мемлекеттің конституциялық жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, жеке басқа және жеке меншікке қол сұғылмаушылық кепілдіктерін күшейту және өзге де өзекті мәселелер қаралды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев Сарапшылар кеңесінің кезекті отырысын өткізді. Онда Сарапшылар кеңесінің мүшесі, PhD докторы, Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры Мүслім Хасенов әзірлеген «Қазақстан Республикасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының жобасы қарастырылды.
Заң жобасы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның жолын кесу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ зардап шеккендердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.
Сарапшылар кеңесінің мүшелері ұсынылған нормалардың құқық қолдану аспектілері, оларды іске асырудың ықтимал тетіктері және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуда кешенді тәсілді қамтамасыз ету қажеттілігі туралы пікір алмасты.
Жиын соңында Артур Ластаев сараптамалық кеңес мүшелеріне мағыналы талқылау өткізгені үшін алғысын білдіріп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл адамның құқықтары мен қадір-қасиетін қорғау, отбасын нығайту және зорлық-зомбылықсыз мәдениетті қалыптастыру үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері А.Қасенова, Р.Мұсаева, Р.Мұналбаева Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар комиссиясының өкілі Д.Шәріповпен бірлесіп, Астана қаласындағы №64 мекемеде құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сапардың мақсаты – сотталғандардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Кездесу барысында оларға қолданыстағы заңнаманың негіздері, жаңа Конституция және құқық қорғау қызметінің негізгі аспектілері туралы түсіндірілді. Омбудсменнің кеңейтілген өкілеттіктеріне, сондай-ақ «Омбудсмен+» Ұлттық алдыг алу тетігінің моделіне ерекше назар аударылды.
Сотталғандарға өз құқықтарын қорғау тетіктері, Уәкілге және оның өкілдеріне өтініш беру тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, сотталғандардың қосымша жеке қабылдауы өткізіліп, оларды қызықтырған сұрақтар бойынша түсініктемелер берілді.
Ұлттық құқық қорғау орталығы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне осындай көшпелі іс-шараларды өткізуді жалғастырады.
«Орталық Азиядағы жастардың құқықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін кеңейту және өңір елдеріндегі жастар диалогын нығайту мәселелері талқыланды.
Іс-шараға Алматы қаласы бойынша «Еркіндік Рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшелері қатысты. Олар баяндамалар жасап, жастар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға белсенді атсалысты.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты - жастар, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен сарапшылар қауымдастығы арасындағы диалогты нығайту, сондай-ақ білім беру, жұмысқа орналастыру және кәсіби әрі жеке дамуға тең мүмкіндіктер жасау салаларында жастарды мемлекеттік қолдау шараларын талқылау.
Бағдарлама аясында қатысушылар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстанның жастар құқықтарын іске асыру саласындағы ұлттық тәжірибесі мен озық тәжірибелерін таныстырды. Сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту, жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және тиімді әлеуметтік лифтілер қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Еркіндік Рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясы мүшелерінің аталған іс-шараға қатысуы өз ұстанымдарын білдіруге, Орталық Азия елдерінің өкілдерімен тәжірибе алмасуға және жастар саясатының өзекті мәселелерін талқылауға үлес қосуға мүмкіндік берді.
Осындай кездесулер сындарлы диалогты дамытуға, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Алматы қаласы бойынша өкілі Алматы қаласының инклюзивті ортаны дамыту жөніндегі кеңесінің отырысына қатысты.
Отырыс барысында инклюзивті саясатты дамыту, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелері қаралды.
Қатысушылар инклюзия мәселелері бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындыларын, Әлеуметтік қорғау саласын дамыту ұлттық ғылыми орталығының жобаларын, азаматтарға әлеуметтік төлемдер тағайындау жүйесіндегі реформаны, сондай-ақ инватакси қызметін көрсетуге арналған ақпараттық жүйені жетілдіру мәселелерін талқылады.
Әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық өмірге толыққанды қатысуына қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.
Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықта 2026 жылдың 9 айындағы жұмыс қорытындылары мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тапсырмаларының орындалуына арналған отырыс өтті.
Азаматтардың өтініштерін қарау – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірлердегі өкілдері қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осылайша, есепті кезеңде келіп түскен өтініштердің жалпы саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға өсіп, 8 002-ні құрады.
Шағымдарды қарау нәтижесінде 80 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 7 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 қылмыстық іс тіркелді. Уәкілетті органдарға 259 ұсыным жолданды.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның өңірлік өкілдері қызметінің маңызды бағыттарының бірі – өз мандатына кіретін мекемелер мен ұйымдарға бару. Есепті кезеңде осындай 3 365 рет бару жүзеге асырылды, оның ішінде Омбудсменнің өзі 13 рет барды.
Бару нәтижелері бойынша жол берілген бұзушылықтар үшін 239 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 48 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы саны 6 687 ұсыным жолданды.
Азаматтарды қабылдау – Уәкіл мен оның өкілдері қызметінің ажырамас бөлігі. Есепті кезеңде Омбудсмен 163 жеке қабылдау өткізді, оның өңірлік өкілдері – 2 021, ал Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметкерлері 57 жеке қабылдау өткізді.
Отырыс аясында жұмыстың тиімділігін арттыру және жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтарға жедел ден қою жөніндегі ұсыныстар да қаралды.
ЕҚЫҰ-ның ДИАҚБ Варшавадағы адам өлшемі жөніндегі конференциясы аясында халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығына арналған арнайы іс-шара барысында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жаңа Конституцияның негізгі ережелерін және олардың адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы маңызын таныстырды.
Өз сөзінде Омбудсмен жаңа Конституцияны әзірлеуге әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және кәсіби қауымдастықтардың өкілдері қатысқанын атап өтті. Конституциялық комиссия азаматтардан келіп түскен 10 мыңнан астам ұсынысты қарады. Нәтижесінде өзгерістер Негізгі заңның 77 бабын, яғни 84%-ын қамтыды.
Жаңа Конституцияда адамға, оның өміріне, құқықтары мен бостандықтарына ерекше мән берілген. Негізгі кепілдіктер қатарында өмір сүру құқығы, жеке басына қол сұғылмаушылық және әділ сот талқылауына құқық, өлім жазасына тыйым салу, дербес деректерді қорғау, сөз және шығармашылық еркіндігі, сондай-ақ тұрғын үйді сот арқылы қорғау құқықтары белгіленген.
Уәкіл Қазақстан Халық Кеңесі атты жаңа конституциялық институт туралы да айтып, оның қоғамдық өкілдікті кеңейтуге және мемлекет пен қоғам арасында диалог орнатуға бағытталғанын атап өтті.
Қорытындылай келе, Артур Ластаев конституциялық реформаның жаңа Негізгі заңды қабылдаумен ғана шектелмейтінін, оның заңнаманы жаңарту және адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін іс жүзінде қамтамасыз ету арқылы жалғасып жатқанын атап өтті.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының Варшавадағы адам өлшемі жөніндегі конференциясының құқық үстемдігі мәселелеріне арналған пленарлық отырысында сөз сөйледі.
Өз баяндамасында Омбудсмен Қазақстандағы конституциялық реформаның негізгі жетістіктерінің бірі адам құқықтары мен бостандықтарының іргелі кепілдіктерін едәуір нығайту болғанын атап өтті. Елдің конституциялық даму тарихында алғаш рет «Миранда қағидасы» Негізгі заңда тікелей бекітілді. Сонымен қатар кінәсіздік презумпциясы, өзіне-өзі қарсы куәлік бермеу құқығы және бір әрекет үшін қайтадан жауапкершілікке тартуға тыйым салу адам құқықтарына арналған бөлімге енгізілді. Мұның барлығы жеке тұлғаның құқықтарын нақты әрі тиімді қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру мақсатында 2025 жылы кассациялық соттар құрылды. Енді кассациялық шағымдар тараптардың қатысуымен өтетін сот отырысында алқалы құрамда қаралады.
Адам мен мемлекет арасындағы дауларды қарайтын әкімшілік әділет жүйесі де өзін тиімді қырынан көрсетті. Сот төрелігіне қолжетімділік пен сот арқылы қорғалудың әділдігін қамтамасыз ететін маңызды кепілдіктердің бірі – соттарды толық цифрландыру және істерді автоматты түрде бөлу жүйесі болды.
Сөз соңында Артур Ластаев жүргізіліп жатқан өзгерістер орталығында адам және оның сот арқылы тиімді қорғалуға деген құқығы тұрған құқықтық кепілдіктердің жаңа жүйесін дәйекті түрде қалыптастырып жатқанын атап өтті.
Варшавадағы Адами өлшем жөніндегі конференция аясында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев пен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ ДИАҚБ) директоры Мария Телалиан өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтуды, демократиялық құндылықтар мен құқық үстемдігін ілгерілету жөніндегі бірлескен күш-жігерді жандандыруды көздейді.
Тараптар адам құқықтарын қорғау, заңнаманы жетілдіру, институционалдық әлеуетті арттыру және халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ниетті.
Меморандум екі институттың мандаттары шеңберінде тараптардың ынтымақтастық, ашықтық және сындарлы өзара іс-қимыл қағидаттарына ортақ бейілділігін растайды.