2025 жылғы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі ақпарат

2025 жылғы 10 қазанда Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың төрағалығымен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу өткізілді. Іс-шара азаматтық қоғам институттарымен ашық диалог орнату және туризм мен спорт салаларын дамытудың өзекті мәселелерін бірлесіп талқылау мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуге Дене шынықтыру және спорт істері комитетінің, Туризм индустриясы комитетінің, Ойын бизнесі және лотереяларды реттеу комитетінің басшылары қатысты. Олар 2025 жылдың тоғыз айындағы министрлік қызметінің қорытындылары, негізгі көрсеткіштер, сондай-ақ спорттық инфрақұрылымды дамыту, туристік бағыттарды ілгерілету және саладағы ашықтықты арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат ұсынды.

Талқылау барысында үкіметтік емес ұйымдар өкілдері саланы дамытудың басым бағыттарын, оның ішінде спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру, ішкі туризмді дамыту, инклюзивті және бұқаралық спортты қолдау мәселелерін қарастырды.

 Сондай-ақ туристік қауіпсіздік, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау мәселелеріне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша туризм және спорт саласындағы бастамаларды тиімді іске асыру мақсатында министрлік пен азаматтық қоғам арасындағы конструктивті өзара іс-қимылды жалғастыруға және серіктестік қатынастарды нығайтуға дайын екендігі расталды.

2025 жылғы ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі ақпарат
Дата публикации
04 февраля 2026