2023 жылғы желтоқсанда ҚР азаматы Сотқа букмекерлік кеңседен ұтыс сомасын өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінді. Алайда, Сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатты, өйткені Азаматтық кодекстің 914-бабына сәйкес мұндай талап қою талаптары сот қорғауына жатпайды.
Осыған байланысты ҚР азаматы Азаматтық кодекстің 914-бабының Конституцияға сәйкес келмейтіндігін көрсете отырып Конституциялық Сотқа шағымданды, өйткені бұл оны сот арқылы қорғау құқығынан айырады және ойын бизнесін ұйымдастырушылармен теңсіздік тудырады.
Бұл нені білдіреді
Конституциялық Сот құмар ойындар мен бәс тігуден туындайтын міндеттемелер бойынша соттық қорғалуға тыйым салу олардың тәуекелдік сипатына және құқықтық айқындықтың болмауына негізделгенін анықтады.
Алайда, бұл норма келісімшарт пен қорғаудың құқықтық кепілдіктері қолданылатын ойыншылар мен лицензияланған ұйымдастырушылар арасындағы қатынастарға қолданылмауы керек.
Конституциялық Сот заңды букмекерлік кеңседе немесе тотализаторда ойнайтын азаматтың ұтысын және шығындарды өтеуді талап етуге сотқа жүгінуге құқығы бар екенін атап көрсетті.
Қандай өзгерістер енгізілді
Конституциялық Сот Азаматтық кодекстің 914-бабының ережесінде «ойын бизнесін ұйымдастырушы құмар ойындарын және (немесе) бәс тігуді өткізудің шарттарын сақтаған кезде» деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп таныды.
2009 жылы енгізілген бұл толықтыру норманың бастапқы мәнін бұрмалап, Конституцияға қайшы келді.
Конституциялық Сот Үкіметке заңнаманы қабылданған қаулыға сәйкес келтіруді және конституциялық емес деп танылған ережеге негізделген сот шешімдерінің қайта қаралуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Туризм және спорт министрлігі Конституциялық Соттың нормативтік қаулысын орындау мақсатында Азаматтық Кодекстің 913 және 914-баптарына түзетулерді әзірледі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық бұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Заң жобасына енгізілді. 2025 жылғы 18 желтоқсанда Парламент Сенаты Заң жобасын мақұлдады.
Неліктен бұл маңызды
Бұл шешім азаматтар мен лицензияланған ойын бизнесін ұйымдастырушылар арасындағы қатынастарда әділдікті қалпына келтіріп, әрқайсысының сот арқылы қорғалу құқығын қорғады және заңнамада құқықтық нақтылықтың маңыздылығын атап өтті.
Енді заңды ойындарға қатысушылар ұтыстарын өндіріп алу және шығындарды өтеу үшін сотқа жүгіне алады, ал заң шығарушы орган Азаматтық кодекстегі түсініксіз және бір-бірін жоққа шығаратын баптарды жоюға міндетті.