GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

ҚР ІІМ логотипі
Меню
Страницы
Құжаттар
Департамент туралы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
Әкімшілік полиция
Жергілікті полиция қызметі
21 октября 2026
Полиция ата-аналарды демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға шақырады

   

     Полиция ата-аналарды демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қатаң бақылауға шақырады.

     Елорда мектептерінде алғашқы оқу кезеңінің аяқталуына байланысты оқушылардың бір бөлігі үшін күзгі демалыс басталады. Бұл кезеңде кәмелетке толмағандардың бос уақыты көбейетіндіктен, ата-аналар мен заңды өкілдердің оларға деген назары мен бақылауын күшейтуі қажет.

     Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі оқыс оқиғаларға жол бермеу мақсатында Астана полициясы ата-аналарды балаларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың қайда жүргенін және кімдермен араласатынын бақылауға ерекше көңіл бөлуге шақырады. 

     Сондай-ақ заңнамада белгіленген кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде және ойын-сауық орындарында болуына қатысты шектеулердің сақталуына ерекше назар аудару қажет.

     Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларымен қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қозғалысы ережелерін орындау және заң талаптарын сақтау қажеттілігі туралы профилактикалық әңгімелерді тұрақты түрде жүргізу ұсынылады.

     Кәмелетке толмағандарға жанжалдарға, құқыққа қайшы әрекеттерге және олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін өзге де жағдайларға қатысуға болмайтынын түсіндіру маңызды.

     Полиция кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жалғастыруда.

     Астанада полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді қырағылық танытуға, балаларының бос уақытын бақылауға және олардың заң талаптарын бұза отырып, түнгі уақытта қоғамдық орындарда жүруіне жол бермеуге шақырады.

     Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – ересектердің ортақ жауапкершілігі.

Көші-қон қызметі
20 октября 2026
Елімізде көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі тоқтатылды

  

Елімізде “Нелегал” іс-шарасы барысында көші-қон заңнамасын бұзудың 15,8 мыңнан астам дерегі анықталды.

     5–16 қазан аралығында Қазақстан аумағында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ шетел азаматтарының елде болу қағидаларын сақтауын бақылауды күшейтуге бағытталған “Нелегал” жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

     Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жеке және заңды тұлғалар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізіп, көші-қон заңнамасының талаптарын және оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндірді. Шетел азаматтарына тұрғын үй беру, оларды тіркеу тәртібін сақтау және шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартуға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

     Сонымен қатар шетел азаматтары шоғырланып тұратын орындар, құрылыс нысандары, базарлар, сондай-ақ шетелдік жұмысшылардың еңбегін пайдаланатын кәсіпорындар мен ұйымдар тексерілді.

     Операция қорытындысы бойынша көші-қон заңнамасы саласында 15,8 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

     Қазақстанда болу қағидаларын бұзғаны үшін 7 595 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін тағы 3 899 шетел азаматына қатысты шаралар қабылданды. Тиісті рұқсаттарсыз шетелдік жұмыс күшін тартқаны үшін 815 жұмыс берушіге қатысты шаралар қолданылды. Сондай-ақ шетел азаматтарының өздерінде болуы туралы ішкі істер органдарына уақтылы хабарламаған 3 533 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.

     Соттар көші-қон заңнамасын бұзған адамдарды Қазақстан аумағынан шығару туралы 2 243 шешім шығарды. Бұдан бөлек, елде одан әрі болуына жол берілмейді деп танылған 2 479 шетел азаматының елде болу мерзімі қысқартылды.

     Мәжбүрлеп елден шығару шарасы 236 шетел азаматына қатысты орындалды. Олардың барлығына Қазақстанға бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынды.

     Тексеру барысында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен 14 шетел азаматы да анықталды. Аталған фактілер бойынша шекара қызметімен бірлесіп тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

     Сонымен қатар іздеуде жүрген және өз мемлекеттерінің құқық қорғау органдарынан Қазақстан аумағында жасырынып жүрген 62 шетел азаматы ұсталды.

     Анықталған құқық бұзушылықтарды талдау заңсыз көші-қонның негізгі себептерінің бірі жекелеген азаматтардың заңда белгіленген талаптарды айналып өтіп, тез пайда табуға ұмтылуы екенін көрсетеді.

     Бірқатар жағдайда шетелдіктердің елге заңсыз кіруіне Қазақстан азаматтарының өздері ықпал етіп, олардың елде болуын ұйымдастырады, тұрғын үймен қамтамасыз етеді және қажетті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметіне тартады.

     Мәселен, Алматы облысында көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерге тұрғын үй беріп, заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікпен Қазақстан азаматы ұсталды. Осындай фактілер Жамбыл және Павлодар облыстарында да анықталды.

     Операция барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың жолын кесуге ерекше назар аударылды.

     Мәселен, Шымкент қаласындағы құрылыс нысандарының бірінде тиісті рұқсаттарсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 40-қа жуық шетел азаматы анықталды.

     Осындай заң бұзушылықтар Алматы қаласында, сондай-ақ Қарағанды, Алматы, Атырау, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркелді. Барлық жағдайда шетелдік жұмысшылар мен жұмыс берушілерге қатысты заңнамада көзделген шаралар қабылданды.

     Бұдан бөлек, бір жыл ішінде шетелдік жұмыс күшін тартудың белгіленген тәртібін екі немесе одан да көп рет бұзған 10 жұмыс берушіге қатысты тергеп-тексеру басталды. Қайталанған құқық бұзушылықтар үшін оларға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыстық жауапкершілік көзделген.

     Сондай-ақ қоғамдық тәртіпті жүйелі түрде бұзатын және елде белгіленген мінез-құлық нормаларын құрметтемейтін шетел азаматтарына ерекше назар аударылды.

     Атап айтқанда, көші-қон заңнамасын бұзуға қатысы жоқ, алайда бірнеше рет өзге де құқық бұзушылықтар жасаған, соның ішінде балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған адамдар туралы сөз болып отыр.

     Мұндай азаматтарды Қазақстан аумағынан шығару туралы полиция соттарға 31 өтінішхат жолдады. Тиісті шараларды қолдану бастамасы Шымкент қаласында, Алматы қаласында, сондай-ақ Абай, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Қостанай және Түркістан облыстарында көтерілді.

     Егер соттар елден шығару туралы шешім қабылдаса, аталған шетел азаматтарына Қазақстан аумағына бес жыл мерзімге кіруге тыйым салынады.

     Полиция көші-қон заңнамасын бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, заңсыз көші-қон арналарының жолын анықтау, сондай-ақ құқыққа қайшы әрекеттерге ықпал ететін адамдарды жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.

     Қазақстан Республикасының аумағында жүрген әрбір адам азаматтығына қарамастан, ел заңдарын сақтауға міндетті.

Әкімшілік полиция
19 октября 2026
БҚО-да мас күйде КамАЗ басқарған жүргізуші ұсталды

Орал қаласында түнгі патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері күдік тудырған КамАЗ жүк көлігінің жүргізушісін тоқтатқан. Көлікті тоқтату барысында жүргізушіден алкоголь иісі сезілген. Тексеру кезінде оның 2023 жылы көлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырғаны анықталды. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны расталды. Жүк көлігі арнайы тұраққа қойылды.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ауыр жүк көлігін мас күйде басқарған жүргізуші дер кезінде анықталып, жол қозғалысына төнуі мүмкін қауіптің алдын алу шаралары қабылданды.

Жеке құраммен жұмыс
16 октября 2026
БҚО-да ардагер Нүптіғали Сейтжановтың құрметіне "Жас сақшы" сыныбы ашылды

   Батыс Қазақстан облысының Нұрсай ауылындағы "Тереңкөл мектеп-бөбекжай кешенінде" Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері Нүптіғали Сейтжановтың құрметіне "Жас сақшы" сыныбы салтанатты түрде ашылды. Жаңа сыныпқа 11 оқушы ресми түрде қабылданды.

     Салтанатты шараға полиция департаментінің басшылығы, аудан әкімі, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің өкілдері мен мектеп ұстаздары қатысты. Жиын барысында қатысушылар жаңадан ашылған арнайы сыныптың тәрбиеленушілерімен кездесіп, оларға ізгі тілектерін білдірді.

     Шарада сөз сөйлеген полиция департаменті жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Әзілхан Қайырханов "Жас сақшы" сыныбының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызына тоқталды.

— "Жас сақшы" сыныбы – жай ғана білім алатын орта емес. Бұл – болашақ Отан қорғаушыларды тәрбиелеп, бойына тәртіп пен заңға құрметті сіңіретін, адалдық пен жауапкершілікті ту еткен азаматтарды қалыптастыратын маңызды орта. Мұнда оқушылар біліммен қатар, Отанды сүюді, елге қызмет етуді және қоғамдық тәртіпті құрметтеуді үйренеді, – деді Әзілхан Қайырханов.

     Жаңа сынып аясында оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға, патриоттық тәрбиесін нығайтуға, тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға басымдық беріледі. Сондай-ақ жасөспірімдердің бойында заңға құрмет, елге адал қызмет ету және қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға деген жауапкершілік сезімін дамыту көзделген.

     Салтанатты шараға арнайы қатысқан ардагер Нүптіғали Сейтжановтың ұлы Гаммат Нүптіғалиұлы әкесінің есімін ұлықтап, өнегелі жолын жас ұрпаққа үлгі еткен полиция ұжымына отбасы атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар ол жас сақшыларға сәттілік тілеп, таңдаған жолдарында табанды болуға шақырды.

     Жиынның ең маңызды сәттерінің бірі – оқушылардың салтанатты түрде ант қабылдауы болды. Жас сақшылар мектеп тәртібін сақтауға, білімге ұмтылуға, Отанын сүюге, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға үлес қосуға және халқына адал қызмет етуге уәде берді.

 
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
Жергілікті полиция қызметі
15 октября 2026
ІІМ: Бір айда республика бойынша 15 мыңға жуық граффити жойылды

Таңертең үйден шығып, подъезге беттегенде, кеше ғана тап-таза болған қабырғадан бейтаныс жазуды көрдіңіз делік. Бір қарағанда, оған мән бермеуге де болады. Алайда осындай ұсақ көрінетін әрекеттер ауланың ажарын кетіріп, тұрғындардың ортақ кеңістікке деген көзқарасына әсер етеді.

Ал қабырғадағы жазулардың бәрі бірдей жай бұзақылық емес. Кейбірі есірткі саудасын жарнамалап, оны қайдан және қалай алуға болатынын көрсетеді. Мұндай наркограффитилердің артында адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігіне төнетін әлдеқайда үлкен қауіп тұр.

Сондықтан мұндай жазуларға қарсы күрес — жай ғана қабырғаны тазалау емес, көшенің қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды жұмыс.

Бір айдың ішінде полиция қызметкерлері республика бойынша 15 мыңға жуық граффитиді жойды. 6 597 әкімшілік іс қозғалып, алты дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның төртеуі есірткі жарнамасына, екеуі вандализмге қатысты.

Сонымен қатар тұрғындар арасында 18 мыңнан астам түсіндіру жұмысы жүргізіліп, еріктілердің қатысуымен 16 мыңнан астам профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Бұл — өз ауласының тазалығына бейжай қарамайтын, көшесінің қауіпсіз болғанын қалайтын адамдардың ортақ іске қосқан үлесі.

Көшенің тазалығы мен қауіпсіздігі тек полицияның жұмысына байланысты емес. Ол әрқайсымыздың ортақ мүлкімізге деген көзқарасымыздан, айналамызға деген жауапкершілігімізден басталады.

Егер қабырғадан есірткі жарнамасын байқасаңыз немесе біреудің қоғамдық мүлікті бүлдіріп жатқанын көрсеңіз, "102" нөміріне не полицияның ресми аккаунттарына хабарлаңыз. Таза көше — ортақ жауапкершілік. Қауіпсіз орта — бірлескен еңбектің нәтижесі.

Әкімшілік полиция
14 октября 2026
БҚО-да бес мас жүргізуші ұсталды: көліктер айыптұраққа қойылды

Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері көлікті мас күйде басқарған 5 жүргізушіні анықтады.

Атап айтқанда, түнгі сағат 01:20-да Переметный ауылында Lada Granta автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырғаны және мас күйде болғаны анықталды.

Сол түні сағат 03:20-да Подстепный ауылында Lada Kalina автокөлігін мас күйде басқарған Орал қаласының 41 жастағы тұрғыны ұсталды. Сағат 04:16-да Орал қаласында Toyota Camry автокөлігін басқарған 21 жастағы азамат, ал сағат 06:09-да Lada Kalina автокөлігінің тағы бір мас жүргізушісі анықталды.

Сағат 12:14-те Ақжайық ауданының орталығында Chevrolet Cruze автокөлігін басқарған мас жүргізуші тоқтатылды. Оның да бұған дейін көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Барлық автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Құқық бұзушыларға қатысты заң аясында шара қабылданды.

Осылайша полиция қызметкерлері аталған мас күйдегі жүргізушілердің жасауы мүмкін жол-көлік оқиғаларының алдын алды.

Тергеу және анықтау
14 октября 2026
ІІМ-де «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы өтті

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде еліміздің жоғары оқу орындарында заң мамандықтары бойынша білім алып жүрген студенттерді, құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің, адвокатура мен қоғам өкілдерін біріктірген «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы өтті.
Форумның негізгі мақсаты – болашақ заңгерлерді ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру, жастардың тергеуші мамандығына деген қызығушылығын арттыру және қазақстандық полицияның кадрлық әлеуетін қалыптастыру.
Іс-шара бағдарламасы Ішкі істер министрлігіне ұйымдастырылған танымдық экскурсиядан басталды. Студенттер Жедел басқару орталығын, криминалистикалық зертханаларды және ІІМ музейін аралап, Қазақстанның ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихымен танысты.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын полиция қызметінде қолданылатын заманауи техникалық құралдардың таныстырылымы тудырды. Болашақ мамандарға ұшқышсыз ұшу аппараттары, жылжымалы криминалистикалық зертхана, арнайы техника және қылмыстарды ашу мен тергеу барысында пайдаланылатын өзге де мүмкіндіктер көрсетілді.
Форумның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Санжар Әділов сөз сөйледі.
Кездесу барысында жас мамандардың кәсіби қалыптасуы, полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі, заңдылықты сақтау және болашақ мамандықты саналы түрде таңдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Форумның маңызды бөлімдерінің бірі – студенттердің түрлі кәсіби сала өкілдерімен ашық диалогы болды.
Спикерлер қатарында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева, Астана қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Әлима Жамалиева, ішкі істер органдарының ардагері Гүлбаршын Новаева және адвокат Әсет Әлиев болды.
Сондай-ақ жастармен тәжірибесін ММА бойынша әлем чемпионы, жаттықтырушы Василий Тахтай және қазақстандық танымал күш атасы, әлемдік рекорд иегері Сергей Цырульников бөлісті.
Қатысушылар болашақ тергеушіге қажетті кәсіби және жеке қасиеттерді, қылмыстық істерді тергеудің ерекшеліктерін, тергеу органдары мен адвокатураның өзара іс-қимылын, сондай-ақ қызмет барысында тәртіптің, дене дайындығы мен психологиялық тұрақтылықтың маңызын талқылады.
Ашық диалог барысында студенттер тәжірибелі мамандарға тікелей сұрақ қойып, олардың қызмет ерекшеліктері, кәсіби қиындықтары және құқық қорғау органдарында мансап құру мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
Форумның ресми бөлімі қатысушылар мен құрметті қонақтардың бірлескен суретке түсуімен аяқталды. Іс-шараның жалғасы шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық орындаушылардың қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарлама болды.
«Болашақ тергеушілер» республикалық форумы кәсіби пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және Ішкі істер министрлігі мен еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

Жергілікті полиция қызметі
09 октября 2026
БҚО-да «Қауіпсіз үй» іс-шарасы аясында профилактикалық есепте тұрған 2 мыңға жуық азамат тексерілді

Батыс Қазақстан облысында 5 қазан мен 5 қараша аралығында «Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның алғашқы төрт күнінде полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған 2 мыңға жуық азаматты тексеріп, 1 500 проблемалық тұрғын үй нысандарының қауіпсіздік жағдайына бақылау жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ полиция мен халық арасындағы байланысты нығайту.
Іс-шара барысында учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік учаскелерді аралап, тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Профилактикалық есепте тұрған азаматтар тұрғылықты мекенжайлары бойынша тексеріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тиісті шаралар қабылданады.

Сонымен қатар тұрғын үйлердің кіреберістері мен қоғамдық орындарға Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бірыңғай QR-коды орналастырылуда. Оның көмегімен тұрғындар өз учаскелік полиция инспекторы туралы ақпарат алып, онымен жедел байланыса алады, сондай-ақ өз ұсыныстары мен шағымдарын жолдай алады.

Құрметті облыс тұрғындары! Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – ортақ міндет. Полиция құқық бұзушылықтарға бейжай қарамай, күмәнді немесе заңға қайшы әрекеттер туралы дер кезінде хабарлауға шақырады.

Әкімшілік полиция
07 октября 2026
БҚО-да бір апта ішінде 10-нан астам мас жүргізуші ұсталды

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бір апта ішінде көлікті масаң күйде басқарған 10-нан астам жүргізушіні анықтады. Олардың ішінде екі шетел азаматы болған. Анықталған жүргізушілердің жетеуі алкогольдік, ал үшеуі есірткілік масаң күйде көлік басқарған. Сонымен қатар көлікті басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, мас күйде көлік тізгіндеген 3 адам анықталды. Облыс жолдарында мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін жасыруға мүмкіндік беретін арнайы құрылғыны пайдаланудың 2 фактісі анықталды. Аталған фактілер бойынша көлік жүргізушілеріне қатысты заң аясында шара қолданылды. Осы ретте полиция жүргізушілерге жолда жүру ережелерін қатаң сақтау және көлікті масаң күйде басқаруға болмайтынын ескертеді.

 

 

 

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл
07 октября 2026
Қазақстан мектептерінде құқықтық және есірткіге қарсы профилактиканың цифрлық форматтары енгізілуде

 Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен және "Bilim Group Ltd" компаниясының IT-мамандарымен бірлесіп, "BilimClass" білім беру платформасына "Заң мен Тәртіп" инновациялық инфрақұрылымын енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға кірісті. Аталған платформа еліміздегі мектептерде электрондық күнделік ретінде пайдаланылады.

     Бастаманың негізгі мақсаты - бір реттік дәрістерден есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен нашақорлықтың алдын алудың жүйелі онлайн форматына көшу. Жоба аясында мамандардың қатысуымен тұрақты вебинарлар өткізу, педагогтерді онлайн оқыту және ата-аналар қауымдастығымен виртуалды кездесулер ұйымдастыру көзделген.

     "Заң мен Тәртіп" инфрақұрылымын "BilimClass" платформасына енгізу арқылы оқушылар, ата-аналар және педагогтер тұрғылықты жеріне қарамастан құқықтық және профилактикалық ақпаратты бірдей ала алады.

     Цифрлық платформа 2,5 млн-нан астам оқушыны, 350 мың педагогті және 5 млн-нан астам ата-ананы біріктіріп, 5 мыңнан астам мектепті қамтиды.

     Платформадағы профилактикалық материалдар үш негізгі санатқа бөлінген:

     "Оқушы" - құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған интерактивті тесттер, бейнероликтер мен электрондық буклеттер орналастырылады. Сонымен қатар оқушыларға волонтерлік қызмет туралы және ішкі істер органдарының оқу орындарына түсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беріледі.

     "Ата-ана" - баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ерте анықтауға көмектесетін құралдар, "Әр үйге тест" бағдарламасы және қажет болған жағдайда хабарласуға болатын анонимді сенім қызметтерінің байланыстары ұсынылады.

     "Педагог" - мұғалімдерге оқушылармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізуге көмектесетін әдістемелік ұсынымдар мен цифрлық құралдар ұсынылады.

     Платформаның басты артықшылығы - білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында үздіксіз қашықтан өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі.

     Алдағы уақытта ІІМ платформаның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отыр. Жүйеге лудоманияның алдын алу, жол және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды интернет кеңістігіндегі өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға арналған жаңа өзекті бөлімдер қосылады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы