
Көлікті мас күйде айдау жауаптылығы қаншалықты қатаңдатылғанына қарамастан көлік жүргізушілер спирттік ішімдік ішіп көлік жургізуден бас тартар емес, тіпті оларды көлік жүргізу куәлігінен мәңгілікке айырылуға да дайын тәрізді.
Мас күйде көлік басқару "әуесқойларын" сұмдық жол-көлік оқиғаларының статистикасы да, осы жылы енгізілген осындай құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдататын түзетулер де қорқытпайды. Белгілі бір мерзімге көлік басқару құқығынан айырылып, сабақ алмағандар енді өмір бойына айырылады.
БҚО Полиция департаментінде атап өткендей, жыл басынан бері бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған 145 адам ұсталған.
- 2020 жылғы 11 қаңтар мен 30 маусым аралығында ҚК-нің 346-бабы 1-бөлімі бойынша (көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық мас күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) 145 іс тіркелді. Қазіргі уақытта 118 іс аяқталды, оның ішінде сотқа 109 іс жіберілді, қалған істер бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілуде. Сотта істі қарау нәтижелері бойынша облыс бойынша 90 үкім шығарылды. Оның ішінде 85 айыпталушы өмір бойы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылу арқылы 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеудің әртүрлі мерзімін алды, 1 айыпталушы өмір бойы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылып, 600 сағатқа қоғамдық жұмыстарға, 2 айыпталушы өмір бойы көлік құралын жүргізу құқығынан айырылу арқылы1 жылға бас бостандығынан айырылды, 2 айыпталушы өмір бойы көлік құралын жүргізу құқығынан және 2 жылға бас бостандығынан айырылды, – дейді БҚО ТД Анықтау басқармасы бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Ерлан Жақсыбаев.
БҚО ПД Баспасөз қызметі