БҚО-да әйелін кепілдікке алған ер адамның ісі сотқа жолданды

БҚО-да әйелін кепілдікке алған ер адамның ісі сотқа жолданды

2019 жылы 28 қараша күні сағат 13.10-да Орал қаласындағы нотариустың кепілдікке алынғаны туралы хабарлама келіп түсіп, облыс тұрғындарын дүр сілкіндірген болатын. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, нәтижесінде бұл оқиғаның ерлі-зайыпты Исламғалиевтердің ажырасуына байланысты отбасылық кикілжіңнен кейін болғанын анықтады.  Ерлан Исламғалиев зайыбы Ираиданы оның өзінің нотариалдық кеңсесінде пышақпен және гранатаға ұқсас затпен қорқытып, кепілдікке алған екен.

Полиция қызметкерлерінің сауатты іс-қимылы нәтижесінде тұтқынды босату кезінде арнайы құралдар мен атыс қаруы қолданылған жоқ. Алты сағаттан астам уақытқа созылған келіссөзден кейін Е.Исламғалиев әйелін босатты. Кейін өзі ұсталды.Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Аблазимов Махсудхан Нұғманұлының айтуынша, екі тараптың  берген барлық айыптаулар мен дәлелдемелер, отбасы тарихы мұқият зерделенген. Жәбірленуші күйеуінің басқа да қылмыстар жасағанын айтқан.

Тергеу барысында Е.Исламғалиевке Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. «Облыс прокуратурасы зерделегеннен кейін айыптау актісі бес бап (азаптау, бопсалау, кепілдікке алу немесе кепіл түрінде ұстау, өлтіремін деп қорқыту және зорлау) бойынша бекітіліп, іс БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарауға жолданды», - деді М.Аблазимов.

БҚО ПД Баспасөз қызметі