Пара ұсынғандар заң жүзінде жазаланады

Пара ұсынғандар заң жүзінде жазаланады

Ішкі істер органдарын жаңғыртудың 2019-2020 жылдарға арналған жол картасын іске асыру шеңберінде Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығына жол бермеу бойынша профилактикалық шаралар ұдайы жүргізілуде.

         Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Нұрлан Рамазанов осы фактілерге талдау жүргізу нәтижесінде көп жағдайда азаматтардың өздері полиция қызметкерлеріне пара ұсынып, арандатушылық туғызатынын атап өтті.

         Жыл басынан бері полиция қызметкерлеріне пара ұсынудың 16 фактісі анықталып, оның төртеуі бойынша пара берушіге қатысты айыптау үкімі шығарылған.

         Мысал келтірсек, ағымдағы жылдың 30 қаңтары күні «К» деген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін  патрульдік полиция батальонының взвод командиріне 5 000 теңге пара бермекші болған. Осы заңсыз әрекеті үшін бұл азаматқа 50 мың теңге айыппұл салынды. 2 ақпан күні патрульдік полиция батальонының инспекторына 1 000 теңге пара бергені үшін «Т» деген азамат ұсталып, оған 10 мың теңге айыппұл салынған. 24 ақпанда Орал қаласында  патрульдік полиция батальонының инспекторына 2 000 теңге пара бергені үшін «Р» деген азамат ұсталып, оған 20 мың теңге айыппұл салынған.

         - Былай қарағанда, пара ұсынғаны үшін ондай қатаң  жауапкершілікке тартылмайды. Алайда азаматтар мына нәрсеге назар аударса екен: осы жасаған құқық бұзушылық әрекеті үшін «соттылығы бар» деген  белгі адамның  мәліметінде өмір бойы жазылып қалады. Ал, бұл оның жұмысқа орналасуына кедергі келтіреді әрі балаларының өмірбаян парақтарында «ата-анасы сотталған» болып қалады – деді Нұрлан Рамазанов.

         Төтенше жағдай режимі кезеңінде өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері прокуратураның өкілдерімен бірлесіп, блок-бекеттерде жария және жасырын тексеру жүргізді. Ешқандай пара алу фактілері анықталған жоқ.

         Айта кетейік, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерген Тулемисов Полиция департаментінің «Инстаграмм» және «Фейсбук» әлеуметтік желілерінің ресми парақшаларында онлайн-брифинг өткізеді. Көкейіңізде жүрген сұрақтарыңызды осы брифинг кезінде қоюыңызға болады.