
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау – Қазақстанның отбасылық-демографиялық саясатының күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Осы тақырып аясында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Қазақстандағы Фридрих Эберт Қорымен бірлесіп 2023 жылғы 30-31 қазан күндері «ODARA – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қаупін бағалау құралын қолдану тәсілі» атты өңірлердің Полиция департаменттерінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларына және ведомстволық оқу орындарының оқытушыларына арналған Халықаралық тренинг өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуден бөлек, агрессорлармен жұмыс істеуді іске асыру үшін үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар арасында ведомствоаралық өзара әрекеттесуді орнату.
Сонымен қатар, Қазақстандағы Фридрих Эберт Қоры Германиядан келген сарапшылармен бірге елімізде ағымдағы жылдың наурыз айынан бері жүзеге асырылып келе жатқан пилоттық жоба бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық қатерлерін бағалайтын халықаралық «ODARA» құралын қолданудың тәсілдерін қатысушыларға кеңінен үйретті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбының қазіргі қоғамдағы маңыздылығын ескере отырып, аталған әдісті осы тренингке қатысқан өңірлердің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторлары арқылы еліміздің осы мәселемен күресетін барлық полиция қызметкерлеріне үйрету жоспарланып отыр.
Осыған сәйкес аталған семинарға өңірімізден БҚО ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Сатарова Диляра Махмудқызы қатысып қайтты. Енді ол алған білімін ортаға салып ODARA құралының тәсілін әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға, Орал қалалық Полиция басқармасы, Абай полиция бөлімі және Шаған полиция бөлімінің учаскелік инспекторларына, ювеналды полиция инспекторлары мен патрульдік полиция инспекторларына тренинг-сабақтар өткізіп, түсіндіретін болады.
Асылай Губашева
БҚО ПД баспасөз қызметі