Қазақстан Республикасы күнінде туылған тәртіп сақшылары

Қазақстан Республикасы күнінде туылған тәртіп сақшылары

Республика күні - бұл  күнді сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсап, найзаның ұшымен, білектің күшімен тәуелсіздікке қол жеткізді. Он үш жылдан кейін қайта оралған мереке бүгінгі күн барша қазақ елі үшін қуанышты жайт. Республика күні – нағыз қазақтың кеудесі қуанышқа толы болатын,халықтың думандатып тойлайтын, мерекелік көңіл-күй  орнайтын, сыйлайтын айтулы күн. Атап өтер болсақ, еліміздің Егемендік декларациясы 1990 жылы қабылданған, ал Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы жарияланған болатын.  

Ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында Республика күнінде дүниеге келген тұлғалар бар. Тәртіп сақшылары 25 қазан күні дүниеге келгенімен, туған жылдары әртүрлі. Осынау күні Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде полиция қызметкерлері арасында республика күнінде дүниеге келіп,  қызмет атқарып жатқан ерекше есімдерді атап өтуге болады.

Кенжегарин Ербол Мухсинұлы – полиция капитаны, БҚО ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы. 1985 жылы 25 қазан күні БҚО, Ақжайық ауданына қарасты Мерген ауылында дүниеге келген. Еліне адам қызмет етіп, азаматтық борышын бәрінен жоғары қойған ол елге қызмет ету үшін ең алдымен білімді болу керек деп есептеген. Орал  қаласындағы Батыс Қазақстан облысының инженерлік-гуманитарлық университетін оқып, «құқықтану» мамандығы бойынша білім алады. Байсалды, тәртіпті сүйетін, ержүрек әрі төзімді сақшының ІІО-да қызмет етіп жатқанына он бес жылдай болыпты. Жұмыста уақтылы жүріп, берілген бұйрықты бұлжытпай орындауды басты қағидам деп біледі. Бос уақытында спортпен айналысып, таза ауада серуендегенді ұнатады.

Бүгінде екі ұл және бір қыздың қамқор әкесі. Жұмыс уақытының тығыздығына қарамастан, отбасына көңіл бөліп, балаларының тәрбиесіне де уақыт табады.

«25 қазан - Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, патриоттық, бүгінгі Қазақстан патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс деп ойлаймын. Республика күнімен тұспа-тұс келген туған күнімді мақтанышпен айтқым келеді» - деді полиция капитаны. 

Қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген азаматшаның бірі – полиция майоры Жазира Жандарбекқызы Арыстанова. Ол ішкі істер органдарында 15 жылға жуық табысты жұмыс істеуде. Бір кездері Ювеналды полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болған сақшы қыз бүгінде БҚО ПД Жергілікті полиция қызметінің инспекторы. Әскери салаға келуіне нағашылары себепкер болған екен. Полиция майорының айтуынша, халықпен етене жұмыс істеп, олардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету – үлкен жауапкершілік.

Жазира өзінің мерекемен тұспа-тұс келген туған күнін мақтан етеді. Студенттік шағында оған сабақ беретін мұғалімдері  Республика күніне орай берілетін демалыс күнін әдейі Жазираның туған күніне орай беріліп отыр деп әзілдегенін есіне алды. 

Отбасында екі ұлдың ортасында өскен нәзік қыздың погон тағып, тәртіп сақтау жолын таңдайтынын кім білген?! Құқық бұзушылық адамды, уақытты, орынды таңдамайды. Қылмыс – минут сайын болады, ал қылмыстың алдын алып, жұртты қорғау – тәртіп сақшыларының қасиетті парызы деп біледі сақшы қыз.

Бүгінде Жазира – аяулы жар, әрі ардақты ана. Ол жолдасы Тимурмен Тамилла және Медина есімді кесте тігерлерді  тәрбиелеп отыр. Үлкені – 4 жаста, екіншісі – 2 жаста. Қызметімен қоса отбасының тыныс-тіршілігін қатар арқалайтын қызметкер өзіне жүктелген жауапкершіліктің жүгін жақсы түсінеді. 15 жылдық еңбек өтілі бар полиция майоры алдағы уақытта да білімі мен біліктілігін шыңдап, туған еліне адал қызмет етуді мақсат тұтады.

Келесі туған күн иесі -  полиция старшинасы Акмурзин Аслан Ерсайынұлы. Ол - БҚО Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылының  тумасы. Аслан бала кезінен полиция қызметкерлерінің формасына, олардың темірдей тәртібіне қызығып өскен. Ішкі істер органдарында 2006 жылдан бастап қызмет етеді. Бір кездері Орал қ. ПБ Айдауылдау взводының  жүргізуші-полицейі болған ол қазір БҚО ПД Орал қ. ПБ Тылмен қамтамасыз ету тобының технигі қызметін атқаруда. Антына берік, қызметіне адал жан тәртіп сақшысы болғанына еш өкінбейді.

Аслан Ерсайынұлы – үйінің тұңғышы, екі інісінің қамқоршысы, бір інісі ағасының ізімен тәртіпті сақтау жолында. Сондай-ақ, 15 және 8 жасар қыздарының қамқор әкесі. Жақындарының амандығын тілеген азамат ел тәуелсіздігі тұғырлы әрі мәңгі болуды тілейді.

Республика күні- еліміздің игілігі, баға жетпес құндылық. Сол себепті бұл күннің мән-маңызын жас ұрпаққа көбірек дәріптеп, ұлттық рухты асқақтататын, айбынымызды асыратын іс-шараларды дәріптеуіміз қажет. Осынау күні дүниеге келген полиция қызметкерлерін қос бірдей мерекемен құттықтап, отбасыларына ынтымақ-береке, қызметтеріне толағай табыстар тәлейміз.

Бұл күн - ата-бабамыз аңсаған арманның жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған Ұлы күн. Осындай маңызы бар тарихи думанда еліміздің туы асқақтап, келешегі өркейе берсін!

 

Асылай Губашева

БҚО ПД баспасөз қызметкері