
Кейінгі кезде елімізде құмар ойынға беріліп, зардап шегушілер саны артып бара жатқаны жасырын емес. Бұл ғасыр дертіне айнала бастады.
Құмар ойын – адамның біліктілігіне қарағанда, сәттілік арқылы жүзеге асатын, жеңіл жолмен байлыққа кенелудің бір түрі. Алайда, бұл оңайлықпен келетін нәрсе емес. Себебі, құмар ойындардың заңдылығы да осында. Әуелі ұйымдастырылған сәттілікпен жеңіске жеткен ойыншы, қанағатсыздық танытып, олжасын еселегісі келеді. Әйткенмен, стратегия бойынша, адам ақыры соңында қалай болмасын жеңіліске ұшырауы шарт. Барынан айырылғанымен қоймай, келесі жолы айым оңынан туады деген соқыр үміттің арбауында қалып, тоқтаусыз келе беретіндер де аз емес, тіпті көбейіп барады.
Өңірімізге арнайы келген қоғам қайраткері Ақжанов Жан Мұқарапұлы кеңес барысында полиция қызметкерлеріне құмар ойынның зардабын түсіндірді
Лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ рухани тұрғыда да әбден азғындатты.Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады.
«Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Олардың негізгі пациенттері – букмекерлік кеңсе ойыншылары. Қазір онлайн ойындардың құрбаны болғандар да өз қателерін мойындап, орталық қызметіне жүгінеді екен», -деп жеткізді қоғам қайраткері Жан Мұқарапұлы.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелерін қарастырды. «Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды» деді президент. Ол осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.
Аталған іс-шарада полицейлер құмар ойындарға, оның алдын-алу жолдарына байланысты сұрақтар қойып, тұшымды жауаптарын алды.