
Жуырда көне Жамбыл облысы Тараз қаласында полиция қызметкерлері арасында “Парасатты полицей” республикалық байқауы өтті.
Дүбірлі додада бақ сынаған Батыс Қазақстан облысы Полиция Департаментінің «07 аймақ» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Байқаудың ашылуына Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин, ҚР ІІМ идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бастығы Альбина Махамбетова қатысты.
Сайыс басталар алдында іс-шараның құрметті қонағы Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасовтың жұбайы Гүлжамал Тәжиева құттықтау сөз сөйледі. Ол барлық қатысушыларға сәттілік пен байқаудан жағымды әсер алуды тіледі.
Дәстүрлі жарыс биыл 14 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған еліміздің әр өңірінен 20 командаға топтасқан 200-ден астам қызметкер қатысты. Сайыстың талабы бойынша әр түрлі ұлттың өкілдерінен құралған командалар өз ойын мемлекеттік тілде дұрыс жеткізе білу керек. Алғашқы кезеңде полицейлер «Жаңа Қазақстанның полициясы» тақырыбында өздерін таныстырып, ұсыныстарын білдірді. Екінші кезеңде құқық қорғаушылар Абай өлеңдерін мәнерлеп оқып сайысты.
Әр команда әр түрлі ұлт өкілдерінен құралды. Олар өздерінің мемлекеттік тiлдi жетiк меңгергендерiн көрсетiп, заңдар мен кәсіби терминдердің қолданылуы бойынша бiлiмдерiн танытып, сондай-ақ шығармашылық тапсырмаларын сахнаға алып шықты.
Байқау қорытындысы бойынша Қостанай облысы полиция департаментінің ” Қостанай сақшылары” командасы жүзден жүйрік шығып, жеңімпаз атанды. Бірінші орын Ақмола облысы полиция департаментінің “Көкше сақшылары” командасына бұйырды. Ал екінші орынды Алматы қаласы ПД “Ұлы дала сақшылары” және Шымкент қаласы ПД ” Мегаполис” командалары өзара бөлістi. Астана қаласы ПД “Елорда қырандары”, Батыс Қазақстан облысы ПД “07 аймақ” және Жетісу облысы ПД “Қыран құс” командалары жүлделі үшінші орын тұғырынан көрiндi.
Ерекше дайындықпен барған Батысқазақстандық «07 аймақ» командасы интернет алаяқтарын анықтау және олардың алдын алу бағытында ашылған жаңа құрылым «Киберполдың» жұмысымен байланыстырылған көрініс дайындады. Одан әрі қазақтың бір туар ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ғұламаның образын БҚО ПД Кадр саясаты басқармасының инспекторы полиция лейтенанты Сырым Сейфолла сомдап, «бірінші қара сөзін» нақышына келтіріп оқып, сахналап берді. Жалпы батысқазақстандық полиция қызметкерлері арасынан жасақталған командалар жыл сайын оздырылатын республикалық «Парасатты полицей» байқауына қатысып, жүлделі орындар мен номицияларды иеленіп келеді. Қызметпен қатар жүріп, көптің арасынан ерекшеленіп, жүлделі орынға жету үшін қандай дайындықтан өту қажеттігі айпаса да түсінікті. Осынау істе полиция қызметінің, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында оздырылатын бұл шараға аталған командаларды дайындауда БҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің мамандары Кенжеева Жазира Сағидоллақызы мен Өтеева Назгүл Болатқызының еңбектерін айрықша атап өтуге болады.
Сондай-ақ, байқаудың қазылар алқасы ерекше өнер көрсеткен қатысушыларды “Көркем сөз шебері”, “Көрермен көзайымы”, “Үздік сахналық көрініс”, “Өнерлi команда”, “Ұйымшыл команда” секілді номинациялар бойынша марапаттады.
Қазылар алқасының төрағасы – “Қазақстан КВН одағы” республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен байқаудың ұйымдастырылуына, командаларды даярлауға жоғары баға беріп, бүгінде полицейлер қылмыстарды ашып қана қоймай, дарынды және шығармашылық тұлғалар екенін дәлелдегенін атап өтті.
Салтанатты рәсімде Жамбыл облысы ПД бастығы Арманбек Баймурзин командаларға қатысқаны үшін алғыс айтып, байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, грамоталар, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Іс-шара қазақстандық эстрада жұлдыздары қатысқан мерекелік концертпен аяқталды.
Асылай Талғатқызы
БҚО ПД баспасөз қызметі