Полиция департаментінде брифинг өтті

Полиция департаментінде брифинг өтті

Бүгін БҚО Полиция департаментінде брифинг өтті. Департамент бастығы полиция полковнигі Оразалиев Арман Молдиярұлы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне шағын несие беру мекемесіне жасалған алаяқтық фактісі бойынша күдіктіні ұстау процесі жөнінде ақпарат берді. Бұл шағын несие беру ұйымы автокөлікті кепілге ала отырып несие берумен айналысқан, яғни кепіл беруші келісім-шарт жасап, несие алғаннан кейін өз көлігін жүргізе алады екен. Арызда кепілде тұрған үш көліктің сатылғаны көрсетілген.
Аталған факті негізінде ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі бойынша (адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
«Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары аясында шағын несие беру мекемесінде кепілде тұрған 3 автокөліктің сатылып кетуіне «К» есімді азаматтың және басқа да тұлғалардың қатысы бар екені анықталды, яғни аталған тұлғалар алдымен автокөліктерді кепіл ретінде қойып, несие алған. Кейін кепілде тұрған автокөліктерді елден шығарып сатып жіберген.
Бүгінгі күнде шағын несие беру мекемесіне келтірілген шығын 15 млн. теңгеден асады.
2023 жылғы 2 қыркүйек күні «К» есімді азамат ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Үш буынды модельге сәйкес күдіктінің іс-әрекеті аталған баппен сараланып, Облыс прокуратурасымен бекітілді.
2023 жылғы 3 қыркүйекте соттың шешімімен күдіктіге қатысты 2 ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен күдіктінің және басқа да тұлғалардың осыған ұқсас кепілде тұрған автокөліктерді жымқыру деректеріне қатыстылығы тексерілуде», - деді полиция полковнигі Арман Оразалиев.
Сондай-ақ, департамент бастығы өңірдегі криминогендік ахуал мен басқа да проблемалық мәселелер бойынша сөз сөйледі. Соның ішінде мал ұрлығына қарсы күрес мәселелері, интернет-алаяқтығы және кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар және оларға жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыстар, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету сипатындағы мәселелер жөнінде сөз қолғалды.
Мектептерде және мектептерге жақын жаяу жүргіншілер жолында орнатылған SOS батырмалары жөнінде толық түсіндіріп берді. Сондай-ақ, журналистерге SuncarSmartQorgau жұмыс жүйесі жөнінде мәлімет беріліп, толық көрсетілді.
Брифинг соңында журналистер қауымы облыстың бас полицейіне жиірек кездесіп тұру қажеттілігі жөнінде ұсыныс айтты.
БҚО ПД баспасөз қызметі