
Бейбіт заманда да небір ерлік жасалады. Өлім мен өмір қатар келген қас-қағым сәтте әрбір адамның бойында болатын қорқынышты жеңіп, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек азаматтар арамызда жетерлік.
Сондай оқиғаның бірі шілденің 31 күні сағат шамамен 16:30-17:00 кезінде орын алды. БҚО ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкерлері полиция майоры Әлішер Ғайсин, полиция капитаны Мурзағалиев Сәндібек және полиция капитаны Дархан Ғалымов Орал қаласындағы Зашаған шағын ауданында автокөлікпен өтіп бара жатып, көп қабатты үйлердің бірінде төртінші қабаттың терезесінен аяғы салбырап отырған ер адамды байқайды.
Полицейлер дереу көлікті тоқтатып, ер адамды құтқаруға жүгіреді. Тәртіп сақшыларының бірі үйдің сыртында қалып көңілін аулап, әлгі адамды әңгімеге тартады. Қалған екі қызметкер жүгіре пәтерге көтеріледі, алайда есік іштен құлыптаулы болады. Содан олар жоғары қабаттағы көршілеріне барып, пәтерге кіруге рұқсат сұрайды. Сол үйден қолға іліккен құралдардың көмегімен төменгі қабатқа түсуге әрекет жасайды. Алайда, қауіпсіздікке күмәнданған олар төменде жиналған адамдардан шынжыр арқан сұрастыра бастайды. Төменде жиналған адамдардың ішінен көлікті сүйретуге арналған шынжыр арқаны бар жас жігіт полицейлерге көмекке келеді және басқаларына қарағанда әлдеқайда жеңіл және түсіруге оңай болу үшін өзін төменге түсіруді өтінеді.
Сөйтіп, көмекке келген жігіт терезе алдында отырған қарияны аяғымен ішке қарай итеріп, өмірін өлім аузынан арашалап қалды.
Артынан оқиға орнына жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері келіп жетеді. Десе де, енді қарияның өміріне еш қауіп жоқ екеніне көзі жеткен полицейлер қоғамдық тәртіп сақтау жолындағы қызметтеріне кері аттанды.