
Күн жылынып, жер қарайғасын әркім гаражындағы, қоймасындағы, сарайында тұрған велосипедін шығарып тебеді. Ол да діттеген орынға ертерек, шапшаң жетудің бір мүмкіндігі. Соңғы кездері Орал қаласында алты велосипед ұрлығы тіркеліп, барлығы да ашылды. Жуықта Орал қ.ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 6 эпизодты велосипед ұрлығын ашты. Ұрлық жасауға бел шешкен күдікті велосипедті ұрлаудың ыңғайлы уақыттарын қараған. Сөйтіп, 6 велосипедті ұрлап, ойын жүзеге асырған. Нақтырақ айтсақ, 24 наурызда кешкі сағат 19.00 -20.00 аралығында 5 ықшам ауданындағы бір үй подьезінен еркін түрде "Фреески" маркалы, ақ рамасы бар велосипед ұрлап, 1986 жылғы С. есімді азаматшаға 55 мың теңге көлемінде шығын келді. 25 наурызда сағат 10.00-13.00 аралығында "Старт" маркалы жиналмалы, рамасы ақ-қара түсті велосипедті "Жаңа Орда" шағын ауданындағы бір үй подьезінен ұрлап ,оқиға орнынан бой тасалаған. А. есімді 1976 жылғы велосипед иесіне 70 мың теңге көлемінде материалдық залал келді. Дәл осы күні түстен соң, ұрлық әрекеттерін тоқтата алмай сағат 14.00-17.00 аралығында "Жаңа Орда" шағын ауданы аумағынан ересек адамдарға арналған көп жылдамдықты "Стерн-Д" маркалы, рамасы қара-қызыл түсті велосипедті үптеп, бой тасалаған. Велосипед иесіне 77 340 теңге көлемінде шығын келді. Кешкі сағат 18.00 -де еркін түрде 4 -ықшам ауданындағы 4, 5 қабаттарды аралап, осы үйдің 2- подьезінен " Десна" маркалы, көк рамасы бар велосипедті ұрлаған. 1976 жылғы үй иесіне 50 мың теңге материалдық залал келді.
Жедел уәкілдердің құрығына түскен күдікті туралы толық мәліметтер белгілі болды. Велосипедтерді ұрлаған күдікті 1997 жылы туылған, Бәйтерек ауданының тұрғыны. Бұған дейін де ұрлық жасап, заң алдында жауапталған. Оған қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188 бабының 1 бөліміне сай 6 эпизодпен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Тұрғындардың мазасын алған ұрлықтың алдын алу мақсатында және ілезде табылуы үшін бірнеше ережелерді естен шығармағандары жөн. Дүкен, подьезд, өзге де ашық орындарда велосипедті қараусыз қалдырмау керек, велосипедті фиксатормен ұстатып, құлыптап бекітіп кеткен жөн, мүмкіндігіне қарай жасөспірімдер велосипед руліне отырғанда өз үйінен алыстамағаны дұрыс, велосипедті дүкенннен сатып алғандағы барлық тиесілі құжаттарын жоғалтпай сақтаған жөн. Орал қ.ПБ және криминалдық полиция бөлімінің басшылары азаматтардан бағыт алған орынға желмен жарыса жетіп баратын велосипедтеріне мұқият болып, сақтық шараларын назарда ұстауды сұрайды.
Орал қ.ПБ