Бүгін елімізде Біріккен Ұлттар Ұйымының Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенциясына сәйкес жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» атты халықаралық кампания басталды.
Бұл бастама әлемнің 180-нен астам елін біріктіріп, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелеріне қоғам назарын аударуға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және халықтың қолжетімді қорғану шаралары туралы хабардарлығын арттыруға бағытталған.
Кампания аясында облыс аумағында кең көлемді ақпараттық-ағарту іс-шаралары өтеді.
Олар: халықпен кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, жедел желілердің ұйымдастырылуы, дөңгелек үстелдер, сондай-ақ ұйымдар мен оқу орындарында семинарлар өткізу.
Сонымен қатар, зардап шеккендерге арналған іс-қимыл алгоритмдерін түсіндіру жұмыстары күшейтіледі, ақпараттық жадынамалар таратылатын болады.
Агрессорлармен жұмыс жүргізуге және қайталанатын зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлінеді.
Жетісу облысының Полиция департаменті мемлекеттік органдарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, үкіметтік емес ұйымдарды және гендерлік зорлық-зомбылыққа бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды аталған акцияға белсенді түрде қосылуға шақырады.
#законипорядок #заңментәртіп