Жетісу облысының аумағында «eQonaq» ақпараттық жүйесі арқылы барлығы 27 989 шетелдік келіп тіркелген. Келушілердің негізгі бөлігін Өзбекстан азаматтары құраса, сондай-ақ Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия, Жапония, Әзірбайжан, Беларусь, Моңғолия, Үндістан, Ұлыбритания және АҚШ азаматтары тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 43 пайызға жоғары.
«Құқық бұзушылықтарға қатысты, жыл басынан бері жалпы 5 638 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ең маңызды нәтижелердің бірі – сот шешімімен 339 шетелдік елден шығарылды, бұл былтырғыдан 6,5 есе артық. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 41,5 млн теңгеге жетіп, толықтай өндірілді», - деді Жетісу облысы ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков.
Көші-қон қызметі облыстағы заңдылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын әлі де жалғастырады.