
ШҚО полициясы әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау шараларын күшейтуде
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде «Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балалармен жұмыс жасаудың ерекшеліктері» тақырыбында семинар өтті. Іс-шара аталған қылмыстарды тергеумен айналысатын тергеушілердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталды.
Семинарға дағдарыс орталықтарының мамандары, құқық қорғау органдары мен прокуратура өкілдері қатысты. Сарапшылар зорлық-зомбылық құрбандарымен өзара іс-қимыл тактикасын, әділеттілікті қамтамасыз ету жолдарын, сондай-ақ жәбірленушілерге психологиялық зардаптарды жеңуге көмектесу әдістерін талқылады.
Әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстық істерді сотқа дейінгі тергеу полиция жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Құқық қорғау органдары жәбірленушілерді қорғау және кез-келген зорлық-зомбылық жағдайларының алдын алу үшін барлық күш-жігерін жұмсауда.
Полиция әйелдерді басынан өткен оқиға туралы үнсіз қалмауға, дер кезінде көмек сұрауға шақырады. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа шыдау тек жәбірленушінің тағдырын ғана емес, сонымен қатар балалардың болашағын да қауіпке тігеді. Мұндай жағдайларда басты мәселе – отбасы қауіпсіздігі мен ондағы әрбір жанның құқығын қорғау.
ШҚО ПД баспасөз қызметі