
ШҚО ПД-да Көрісу күні аталып өтті!
Көрісу күні – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ұрпақтар сабақтастығы мен бірліктің символына айналған ерекше мейрам.
Ежелде бұл күні қазақтар бір-бірінің ауылына барып, қыстан аман-есен шыққандарына көз жеткізіп, жаңалықтарымен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірген. Жастар үлкендерге ізет көрсетіп, қол алысып көріссе, ақсақалдар батасын беріп, игі сөздерін арнаған. Бұл күн адамдарды жақындастырып, мейірімділік, құрмет пен қолдаудың маңыздылығын еске салады.
Осы дәстүрге сай, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мұражайында жылы кездесу өтті. Ішкі істер органдарының ардагерлері, полиция қызметкерлері және қоғам өкілдері жиналып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнады.
Қонақтар құқық қорғау органдарының ежелгі тарихымен танысып, ардагерлер өздерінің естеліктерімен бөлісті. Олар жас буынға абырой, адалдық және халыққа қызмет етудің маңыздылығы жайлы тағылымды әңгімелер айтып, өсиеттерін жеткізді. Кездесу бейресми жағдайда, ақ дастархан басында шай ішіп, жылы әңгіме айтумен аяқталды.
ШҚО Полиция департаментінің ұжымы барлық жерлестерімізді осы жарқын да шуақты көктем мерекесімен құттықтайды! Бұл күн жақындарыңыздың жанында өтіп, жүректеріңіз жылулық пен қуанышқа толсын!
ШҚО ПД баспасөз қызметі