
ШҚО-да полицейлер заңсыз еңбек етіп жүрген мигранттардың жұмысын тоқтатты
Шығыс Қазақстан облысында «Мигрант» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Рейдтік шаралар барысында ШҚО ПД Көші-қон қызметінің қызметкерлері Өскемен қаласындағы тұрғын үй кешенінің құрылысында заңсыз жұмыс істеген көрші елдің 9 азаматын анықтаған.
«Тексеру барысында шетелдік азаматтардың тиісті рұқсат құжаттарынсыз еңбек қызметімен айналысқаны белгілі болды. Аталған құқықбұзушылық үшін жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 100 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді», – деп мәлімдеді ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Шкибаев Ринат.
Сонымен қатар, заңды тұлға шетелдік жұмысшылардың ел аумағында болуы туралы полиция органдарына уақытылы хабарламағаны үшін жауапқа тартылды. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
«Соттың шешімімен заң бұзушылар елден шығарылады. Еске саламыз, уақытша келген шетелдіктердің уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметімен айналысуына тыйым салынады», – деп атап өтті Ринат Шкибаев.
Құқық қорғау органдары көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтау жұмыстарын жалғастыруда және Қазақстан азаматтары мен шетелдік қонақтарды белгіленген талаптарды қатаң сақтау керектігі туралы ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі