
ШҚО БАС ПОЛИЦЕЙІ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ
2024 жылы облыс полициясы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп, қылмыспен күресте айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков аймақ тұрғындарымен есептік кездесу барысында өткен жылдың қызмет қорытындыларын баяндады. Оған залда отырғандар мен онлайн форматта қатысушылар тарапынан 50-ден астам сұрақ келіп түсті.
Аймақтың бас полицейі Шығыс Қазақстан облысы еліміздегі қылмыс деңгейі бойынша 11-ші орында тұрғанын және криминогендік жағдайдың тұрақты екенін атап өтті. Соңғы бес жылда құқық бұзушылықтар санының тұрақты төмендеуі байқалады, бұл жүйелі профилактикалық жұмыстың және құқық қорғау органдарының тиімді қызметінің нәтижесі.
Қылмыс құрылымында негізгі үлесті интернет-алаяқтық пен ұрлық құрайды. 2024 жылы 15 есепте тұрған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 53 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 32 бопсалау фактісі және 12 заңсыз қару сақтау фактісі анықталды.
«Әсіресе, басты назар Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұрған есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселесіне аударылуда. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 253 қылмыс фактісі анықталып, 259 келіден астам тыйым салынған заттар, оның ішінде 6,3 келі синтетикалық есірткі тәркіленді. Полиция департаментінің үйлесімді жұмысының арқасында олардың таралуы едәуір қысқарды», — деп атап өтті полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков.
Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуын ескере отырып, полиция интернет-алаяқтықпен күресті де белсенді жүргізуде. Жылдам әрекет ету мен заманауи цифрлық құралдарды енгізудің арқасында бұрын 3 млрд теңгеден аса азаматтарға келтірілген шығын көлемі едәуір төмендеп, алаяқтық фактілерінің саны қысқарды.
«Интернет-алаяқтық бойынша көрсеткіштер қабылданып жатқан шаралардың нәтижелі екенін дәлелдейді», — деді ШҚО ПД бастығы.
Басты бағыттардың бірі — жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Күшейтілген патрульдеу, «Мерген» жобасы мен «Кибер Шериф» мобильді кешендерін қоса алғанда, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркеу жүйелерін орнату жол-көлік оқиғалары санын азайтып, оқыс оқиғаларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырды. Жол желісіне кешенді тексерулер жүргізіліп, заңбұзушылықтарды жою бойынша 3 000-ға жуық ұйғарым шығарылды, ал масаң күйде көлік жүргізген жүргізушілерді ұстау 14%-ға артты.
Ақпараттық технологияларды енгізу аясында Ақпараттық байланыс басқармасы полиция қызметкерлерінің орналасқан жерін, қозғалысын және шақыртуларды орындауын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа бақылау жүйесін ұсынды. Бұл инновациялық шешімдер жұмыстың тиімділігі мен оқиғаларға жедел ден қою деңгейін арттыруға ықпал етеді.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі — құқық қорғау органдарына алғыс білдіру сәті болды. Жылы лебіздердің басым көпшілігі учаскелік полиция инспекторларына арналды. Тұрғындар олардың кәсібилігін, жеделдігін және халық мәселелеріне әрдайым мұқият назар аударатынын атап өтті. Бұл заңбұзушылықтардың алдын алу және азаматтармен өзара белсенді әрекеттесу құқық қорғау органдарына деген сенімді арттыратынын растайды.
«Біздің басты міндетіміз – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң мен тәртіпті қамтамасыз ету. Халықпен кері байланыс орнату — жұмысымыздың басты қағидаты, бұдан бөлек барлық ұсыныстар құқықтық тәртіп жүйесін әрі қарай да жетілдіру үшін ескерілетін болады», — деді ол.
Қорытындылай келе, Ерлан Омарбеков қоғам белсенділеріне, еріктілерге және халық игілігі үшін күнделікті еңбек етіп жүрген, бей-жай қарамайтын азаматтарға алғысын білдірді.
«Кейде ақсақалдың бір ауыз даналық сөзі немесе бастамашыл тұрғынның ұсынысы үлкен қолдауға ие болып, нақты нәтижелі іске айналуы мүмкін», – деп түйіндеді ШҚО Полиция департаментінің бастығы.
ШҚО ПД баспасөз қызметі