
Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкері қысқы Спартакиаданың чемпионы атанды
Ерлер арасындағы Қазақстан Республикасының VI қысқы Спартакиадасы Шығыс Қазақстан облысының құрамасының жеңісімен аяқталды. Хоккейшілер жоғары шеберлік пен қайсарлық танытып, турнирдің алтын жүлдесін иеленді.
ШҚО намысын мұз айдынында қорғау мәртебесі құқық қорғау қызметкері - полиция майоры Серік Шидериновқа бұйырды.
Ол алты жасынан бастап коньки тебуді үйреніп, еліміздің әйгілі «Торпедо» клубының мектебінен өткен және әлі күнге дейін сүйікті спортына адал болып келе жатыр. Серік Шидеринов туған өңірінің намысын бірнеше рет әуесқойлар және кәсіпқойлар арасындағы жарыстарда, соның ішінде полиция қызметкерлері арасындағы хоккей чемпионатында да қорғаған. Тәжірибелі спортшы ретінде ол кез келген жағдайда командалық жұмыстың және өзара қолдаудың маңызын жақсы біледі. Бұл қасиеттер оның кәсіби қызметінде де ерекше рөл атқарады, себебі полиция қатарында да ауызбіршілік пен бірлескен әрекет негізгі қағидаттардың бірі болып табылады.
Мұз айдынында да, қызметте де шешімділік пен төзімділік таныту тәртіп сақшысы үшін берік қағидалар, сондықтан заң мен тәртіпті қорғау жолында да табандылық танытып келеді.
Айта кетейік, Спартакиада төрт жылда бір рет қана өткізілетін беделді спорттық шара, сондықтан бұл жарыстағы жеңіс – спортшылар үшін үлкен жетістік.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті полиция майоры Серік Шидериновты спартакиадағы жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, оған қызметте де, спортта да толағай табыстар, мықты денсаулық пен жаңа жетістіктер тілейді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі