
ҚАЕУ-да шетелдік студенттердің тұру мәселелері бойынша Дөңгелек үстел өтті
2025 жылғы 5 ақпанда Қазақстан-Американдық еркін университетінде ІІМ жариялаған «2025 жыл – «Заң мен тәртіп» күзетінде: құқықбұзушылықтың алдын алу жылы» аясында шетелдік студенттердің тұруына байланысты өзекті мәселелерге арналған Дөңгелек үстел өтті.
Кездесуге облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждердің өкілдері, проректорлар, декандар, бөлім басшылары, сондай-ақ ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшылығы мен мамандары қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар көші-қон заңнамасының сақталуы, студенттер тарапынан және оларға қатысты қылмыстардың алдын алу мәселелерін қарастырып, олардың білім беру ордасында өмір сүру жағдайын жақсартудың ықтимал жолдарын талқылады.
Іс-шара жұмыс атмосферасында өтіп, шетелдік студенттерді қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Талқылау қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері студенттерге заң мен тәртіпті сақтаудың маңыздылығын еске салды. Олар құқықтық нормаларды сақтау – қауіпсіз және жайлы өмір сүрудің басты кепілі екенін атап өтті. Өзара сыйластық пен төзімділік үйлесімді білім беру кеңістігін қалыптастыруға көмектеседі. Тек бірге, біртіндеп қадам басу арқылы барлығына оқуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы қоғам құруға болады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі