
Шығыс Қазақстанда тыныштық бұзушылардың саны азайды
Шығыс Қазақстан облысында 2025 жылдың қаңтар айында тыныштықты бұзғаны үшін 264 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың төртеуі – кәмелет жасына толмағандар. Алайда полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай жағдайлар реті едәуір азайған: себебі, өткен 2024 жылдың қаңтар айы кезінде 368 құқықбұзушылық тіркеліп, оның 11-ін жасөспірімдер жасаған еді.
Өскемен қаласында жақында ғана ұқсас оқиға орын алған. Жас бозбала ата-анасының үйде жоқтығын пайдаланып, көңілді кеш ұйымдастырып, достарын үйіне шақырған. Дарылдаған музыка мен шулаған қонақтар көршілердің тыныштығын бұзып, олар полиция шақыруға мәжбүр болған. Нәтижесінде, жас жігіт пен оның заңды өкілдері жауапкершілікке тартылды.
Құқық қорғау органдары тыныштық сақтау – тек заң талабы емес, айналадағы адамдарға деген құрмет көрсету екенін еске салады.
ШҚО ПД баспасөз қызметі