
«Полиция бөліміне жарылғыш зат орнаттым»: Өскеменде мас күйінде қалжыңдаған әйел ұсталды
102 арнасына облыс орталығындағы полиция бөлімдерінің біріне жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Тәртіп сақшылары мамандырылған қызметтермен бірге ғимаратты мұқият тексеріп шықты, алайда, жарылғыш немесе басқа да күмәнді заттар табылмады.
Полиция қоңырау шалған адамның жеке басын анықтады. Ол 32 жастағы қала тұрғыны болып шыққан. Әйел адам қоңырау шалу кезінде полиция бөліміне жақын маңда жүрген және медициналық қорытындыға сәйкес, алкогольдік масаң күйде болған. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін азаматша жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ұсталған әйелге қатысты «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама беру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны 5000 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Полицейлер азаматтардан барлық жағдайда жауапкершілік танытуды сұрайды, себебі, осындай жалған қоңыраулар мен хабарламалар қызметтік ресурстарды алаңдатынын және оған қоса айналадағы адамдарға қауіп төндіретінін ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі