
ШҚО Полиция департаментінде 2024 жылдың үздік тергеушісі мен анықтаушысын марапаттады
2024 жылғы Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің тергеу және анықтау бөлімшелерінің жедел қызметтік жұмысының қорытындысы бойынша департамент бастығы Ерлан Омарбеков жоғары нәтижелер көрсеткен үздік қызметкерлерді марапаттады.
Жеңімпаздар қылмыстық істерді сотқа жіберу бойынша көрсеткіштері, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеудің сапасы мен заңдылығы негізінде анықталды. Бұдан бөлек, қызметтік тәртіпті сақтау да ескерілді.
«2024 жылдың үздік тергеушісі» атағын Өскемен қаласы ПБ Ертіс полиция бөлімінің аға тергеушісі, полиция капитаны Айсұлу Абылдабекова иеленді. Ал, Алтай ауданы полиция бөлімінің аға анықтаушысы Дидар Серікбаев «2024 жылдың үздік анықтаушысы» атағын қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, жыл қорытындысы бойынша «Үздік тергеу бөлімшесі» ретінде Самар ауданының полиция бөлімі мен оның тергеу жөніндегі орынбасары, полиция майоры Айдын Далабаев танылды. Анықтау бағыты бойынша Өскемен қаласы ПБ Үлбі полиция бөлімінің анықтау бөлімшесі және оның басшысы, полиция подполковнигі Кенжебек Әзімжанов үздік деп танылды.
– «Сіздердің еңбектеріңіз – полиция мен әділ сотқа деген қоғам сенімінің кепілі. Сіздердің жетістіктеріңіз әріптестеріңіз үшін үлгі болып, әрі қарай кәсіби дамуға шабыттандырады», – деп атап өтті ШҚО ПД басшысы.
Іс-шара соңында Ерлан Омарбеков жеңімпаздар мен қатысушыларға мықты денсаулық, қызметте табыс және жаңа кәсіби жетістіктер тіледі.
ШҚО ПД баспасөз қызметі