
Ішімдікке масайған ер азамат бомба туралы жалған хабарлаған: қылмыстық іс қозғалды
2025 жылдың 13 қаңтарында таңға жуық алкогольдік масаң күйде болған ер адам 102 арнасына қоңырау шалып, қаладағы клубтардың бірінде бомба жасырылғанын айтқан. Бір қызығы, хабарлаушы сол мекеменің тұрақты келушісі болған.
Оқиға орнына бірден полицияның сыртқы жасағы мен жедел тергеу тобы жіберілген. Алайда, мекемені мұқият тексеру барысында ешқандай да жарылғыш зат табылмаған.
Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 28 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Ол өзінің әрекетін алкогольдік масаң күйде жасағаны және болған жайт есінде жоқ екендігі туралы түсініктеме берген.
Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу жүргізілуде.
Полиция департаменті терроризм қаупі туралы қасақана жалған хабарлау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі