
Полиция қызметкерлері жоғары температурасы бар баланы ауруханаға жеткізуге көмектесті
Өскемен қаласының тұрғыны көпшілікті тебіренткен оқиғасымен әлеуметтік желіде бөлісті. Әйел адам баласының дер кезінде медициналық көмек алуына мүмкіншілік жасаған полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.
Оқиға 2025 жылғы 20 қаңтарда болған. Кешкі сағат 21:00 шамасында полиция аға лейтенанты Рахат Баймұхамбетұлы мен капитаны Дәурен Жықпаев Ушанов алаңы аумағында патрульдік қызмет атқару кезінде жылдам қозғалып бара жатқан көлікті байқап, тоқтатқан. Көлік жүргізушісі жас ана екені белгілі болды. Ол баласының денсаулығы нашарлап жатқанын, дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, жағдайы күрт өзгеруі мүмкін екенін жеткізген.
Полиция қызметкерлері отбасын «Ана мен бала» медициналық мекемесіне жедел жетуіне көмектесіп, баланың дәрігер көмегін мүмкіндігінше тез алуын қамтамасыз етті.
«Жолда бір жаман жағдай болып қалады ма деп қатты қорықтым. Баламның қол-аяғы суып, құрысу белгілері пайда бола бастады. Полицейлер бізді ауруханаға дейін жеткізіп салуды ұсынғанда, бұл мен үшін үлкен қолдау болды. Бағымызға орай біз жылдам жеттік, дәрігерлер бірден көмек көрсете алды», – деп бөлісті баланың анасы.
Бұл жағдай құқық қорғау қызметкерлерінің жедел және үйлесімді әрекеттері ықтимал асқынулардың алдын алуға көмектескенін тағы бір дәлелдеді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі