
Ана атын жамылған курьер: Ана мәртебесі қылмыскерге есірткі таратуға қалай көмектесті
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Риддер қаласының полиция қызметкерлері 1990 жылы туған басқа облыстың тұрғынын анықтап, ұстаған.
Белгілі болғандай, ол өткен жылдың желтоқсан айында кәмелетке толмаған баласымен бірге қалаға келіп, «балалы әйел» мәртебесін пайдаланып синтетикалық есірткі таратумен айналысқан.
Тергеу барысында күдіктінің есірткіні алдын ала ойластырылған схема бойынша сатқандығы белгілі болды. «Жетекшілер» деп аталған қаскөйлер есірткіні «жасырын орындарға» қалдырып отырған, кейіннен қылмыскер оларды алып, әрі қарай таратқан. Ал, жасырын орындар ретінде әдетте қоғамдық жерлер немесе қаланың адамдар аз жүретін, иесіз қалған аудандары таңдалған.
Жеке тінту жүргізу барысында полицейлер ұнтақ тәрізді зат салынып, изолентамен оралған 80 ораманы тауып, тәркілеген.
Сараптама нәтижесі бойынша тәркіленген зат аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі заты екені анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Ұсталған азаматша уақытша ұстау изоляторына қамалды, ал оның кәмелетке толмаған баласы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жіберілді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі