
2024 жылғы полиция жұмысының қорытындысы: Профилактика 2025 жылдың басты міндеті болып айқындалды
13 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде 2024 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков төрағалық еткен кеңеске, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаев қатысты. Сонымен қатар іс-шараға бөлімше басшылары, аумақтық бөлімшелердің бастықтары және департаменттің жеке құрамы қатысты.
Полиция департаментінің басшысы, генерал-майор Ерлан Омарбеков кешенді профилактикалық және жедел іс-шаралардың өңірдегі криминогендік жағдайдың тұрақтануына ықпал еткенін атап өтті. Алайда оң нәтижелерге қарамастан, жұмысты одан әрі жақсарту үшін жоюды қажет ететін кейбір кемшіліктер анықталғанын көрсетті.
Облыс полициясының жедел қызметі бойынша қорытынды есепті тыңдаған Ерлан Омарбеков Мемлекет басшысы белгілеген «Заң және тәртіп» қағидатын іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заңдылықты сақтау бойынша жұмысты күшейту қажеттілігін баса айтты.
Полиция полковнигі Қайсар Сұлтанбаев балалар мен жасөспірімдердің, әсіресе білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздігі мәселелерінің ерекше бақылауда болуына назар аудару керектігін атап өтті. Бұл үшін кең ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізу және тұрақты түрде рейдтер ұйымдастыру қажет екенін айтты. Сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыру мәселесі де маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек.
Кеңес барысында полиция қатарында заңдылық пен тәртіпті сақтау мәселесі де талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және кадрлық саясатты жетілдіру қажеттілігі айтылды. Бөлімше басшыларына қылмыстарды ашу көрсеткішін арттыру, сотқа дейінгі тергеу сапасын жақсарту, ішімдікке салыну, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берілді.
2024 жылдың жұмыс нәтижесін қорытындылай келе, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы 2025 жылға арналған міндеттерді белгіледі. Ішкі істер министрі осы жылды «Профилактика жылы: полиция заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялағанын атап өтті.
Басты міндеттердің бірі – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың тиімді алдын алу. Сондай-ақ, полицияға деген сенімді арттыру үшін халықпен өзара қарым-қатынысты нығайтуға ерекше назар аударылды. Бөлімше басшыларына тұрғындармен жеке кездесулерді жүргізу ұсынылды. Бұл қоғаммен байланысты нығайтуға және құқық қорғау органдарының жұмысын оң қабылдауға ықпал етеді.
«Біздің қызметіміздегі басты басымдылық – азаматтардың сенімі. Біз әр адамның қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек және қойылған міндеттерді шешуде бір қадам алда болуымыз қажет», – деп түйіндеді Қайсар Сұлтанбаев.
Іс-шара соңында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің бастығы әр бөлімше басшысына қызметті ұйымдастыруды жақсартуға және азаматтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған нақты нұсқаулар берді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі