
Шығыс Қазақстан облысында полиция жолда бұзылып қалған автобустың 46 жолаушысына көмек көрсетті
Шемонаиха ауданында «Өскемен — Новосибирск» бағытындағы King Long маркалы, жолаушылары бар автобус техникалық ақауға тап болды. Оқиға уақытында автобуста кәмелетке толмаған балаларды қоса алғанда 46 жолаушы болған, - деп хабарлайды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
7 қаңтар күні сағат 01:00-де Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің «102» арнасына белгісіз әйел адам хабарласып, Новосибирск бағытындағы автобустың бұзылып қалғанын және оның ішінде кәмелетке толмаған балалар мен олардан бөлек 46 жолаушының суық ауа-райында далада қалғанын жеткізген.
Полиция қызметкерлері дереу оқиға орнына жетіп, мәселені анықтау барысында генератордың істен шыққаны белгілі болды. Полицейлер жолаушылар мен жүргізушілерді дереу Шемонаиха колледжіне эвакуациялап, жылынып, демалуларына жағдай жасады.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында автобустың техникалық ақауы жойылып, жолаушылар сапарын сәтті жалғастырды.
Жолаушылар мен жүргізушілер көрсетілген жедел көмек үшін полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі